Аурухана қабылдау бөлімшесінен басталса, қабылдау бөлімі ресепшеннен басталады.

Аурухана қабылдау бөлімшесінен басталса, қабылдау бөлімі ресепшеннен басталады.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімшесінде 5 медрегистратор жұмыс істейді. Олар бір тәулік жұмыс істеп, екі күн демалатын ауысым бойынша әр ауысымда екі тіркеушіден қызмет көрсетеді.
Ауруханаға кірген бетте сізді қарсы алатын мамандармен таныс болыңыздар.
Медициналық тіркеушілердің ішінде үлкені – Гүлжан Мейірбаева. Қалған медрегистраторлар үшін Гуля тәте атанып кеткен Гүлжан Аханқызы ҚЖШККА қабылдау бөлімінде тіркеуші қызметін 2014 жылдан бастап атқарып келеді.
– Регистратура, қазіргі ресепшен, ауруханамыздың айнасы, бет пердесі деп айтсақ болады. Ауруханаға түскен барлық науқастардың тіркелетін жері, ақпараттық шоғыры осы, – дейді Гуля тәте. – Жасыма қарамастан, студент бола жүріп, тіркеу бөлімі жұмысының қыр-сырын да үйрендім. Регистратор болу дегеніміз науқастарға да, басқа да ауруханаға келген адамдарға да дұрыс ақпарат беру, оларды жылы жүзбен, мейірімділікпен қарсы алу, барынша көмек көрсету.
– 2017 жылы қолыма диплом алып, медбике санатына өттім. Өз басым медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жолында инновациялық жобалар, жоғары технологияларды табысты іске асыруға арналған аурухананың барлық іс-шараларынан қалыспай, аянбай еңбек етіп, халыққа адал қызмет еткім келеді. Науқастардан, ауруханаға жүгінген адамдардан алғыс алсам, олардың сырқаттарынан айығып, сауыққан жылы жүздерін көрсем деймін. Мен үшін бұл үлкен қуаныш.
Гуля тәтенің ауысым бойынша серіктесі – Гүлназ Жорабек. Ауруханада бір жылдан бері жұмыс істейтін жас маман.
– Бала кезімнен ақ халатты киіп, дәрігер атану арманым еді, елдегі ахуал шиеленісіп, карантин, тәж ауруы орын алғалы инфекционист боламын деп шештім, – дейді Гүлназ. – Қазіргі алға қойған мақсатым оқуымды үздік бітіріп, дәрігер болу, еліме адал қызмет ету, медицина саласының дамуына үлес қосу. Ол үшін адамда мамандыққа деген сүйіспеншілік және өзіне деген сенім болуы қажет.
– Жұмысымдағы негізгі міндеттерім: пациентті идентификациялау, тіркеу, пациент туралы толық мағлұмат алу, телефон қоңырауына жауап беріп, дұрыс, актуальды мағлұмат беру, ауруханаға қандай да бір сұрақпен келген адамдарға барынша көмек көрсету, бізге түскен науқастар туралы емханаға уақытында хабар беру болып табылады.
– Жоғары сапалы медициналық көмек көрсететін, науқастардың жағдайын барынша жасайтын ауруханада білімді де білікті, шебер, өз қызметін адал атқаратын әріптестермен жұмыс істеп жатқанымды мақтан тұтамын. Осында жұмысқа орналасқалы бағыт бағдар көрсетіп, білмегенімізді үйретіп келе жатқан аға медбике Гүлзира Мұхаметжанқызына, меңгерушіміз Бауыржан Болатұлы мен Ермек Мұстафаұлына және барлық әріптестеріме алғыс білдіремін.
Келесі ауысымның тіркеуші серіктестері – Бағила мен Олжас.
Бағила Оразай – тіркеушілердің ішінде тәжірибесі ең мол маман. Ол ҚЖШККА-да осымен 9-жыл жұмыс істейді.
– – Медициналық тіркеуші болу өте жауапты іс. Пациенттер ауырып келіп тұрған соң көңіл-күйлері де болмай келеді, сондықтан біз жылы сөйлеп, жарқын жүзбен қарсы алуымыз керек. Жақсы сөз бен адамға деген жылы көзқарас кейбір дәрілерден де жақсы әсер етеді деп ойлаймын, – дейді Бағила. – Меніңше, өмірдегі ең маңызды нәрсе – ол жан дүниеңіздің таза болуы, ешкімге жаманшылық жасамай, шағымданбай, қолыңыздан келгенше көмектесу, ол сізге екі есе қайтады.
Олжас Пірмет – медтіркеушілердің ішінде жалғыз ер азамат. ҚЖШККА оның алғашқы жұмыс орны, ол мұнда 1 жылдан астам уақыт істейді.
– Алға қойған мақсатым ауруханамыздың дамуына бар күш-жігерімді салу. Көмекке жүгінген науқастарға шұғыл, жоғары кәсіби медициналық көмек көрсету. Арманым – аурухана тарихында білікті маман болып, өз орнымды табу, – дейді Олжас. – Осы ауруханада білікті мамандар арасында жұмыс істеп жатқанымды мақтан тұтамын. Менің қазіргі басты міндетім – көмекке жүгінген пациентерді жедел тіркеу, триаж жүйесін дұрыс жүргізу. Берілген тапсырмаларды дұрыс әрі уақытылы орындау.
Ауысымда жалғыз қызмет көрсететін – Гаухар Нартай. Ауруханада 1 жылдан бері жұмыс істейді.
– Медициналық тіркеуші жұмысы көп қырлы және күрделі, өйткені ол адамдармен және құжаттармен жұмысты қамтиды, – дейді Гаухар. – Медициналық тіркеуші болып жұмыс істеуге ниет білдірген адам үнемі физикалық жүктеме мен жүйке жүйесіне түсетін ауыртпалыққа дайын болуы керек. Және де ең бастысы – медициналық тіркеушінің сыпайылығы. Оның бірінші болып науқасты қандай көңіл-күймен қарсы алғаны, науқастың әрі қарай дәрігермен қарым-қатынасына әсер етіп, тіпті нәтижесінде оның сауығып кетуіне де өз ықпалын тигізеді.
Менің қазіргі кезде алға қойған мақсатым дәрігер боламын деген арманымды орындау үшін оқуымды үздік бітіру. Адал еңбекпен халыққа қызмет етіп, медицина саласының дамуына атсалысу.
Қабылдау бөлімшесінің аға медбикесі Гүлзира Мұхаметжанқызы пациенттермен жұмыс істеу бойынша медрегистраторлар арнайы оқытудан өтеді, олармен аурухана психологы да жұмыс істейді дейді: «Тіркеуші қарым-қатынаста сыпайы болуы керек әрі медициналық құжаттарды дайындау кезінде өте мұқият болуы керек. Медтіркеуші медициналық мекеменің ішкі тәртібін, алғашқы медициналық құжаттарды жүргізу ережелерін және еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы негіздерін білуі міндетті. Елімізде орын алған «қаңтар оқиғасы» кезінде қабылдау бөліміне зор ауыртпалық түскен, сонда медтіркеушілер алдыңғы қатарда қызмет етті. Олардың қызметін баса атап өтіп, алғыс білдіргім келеді. Қабылдау бөлімшесінің қызметкерлері – менің мақтанышым».