Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінде аурухана қалай жұмыс істеді

Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінде аурухана қалай жұмыс істеді

Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қалада бүлік болған күндері күшейтілген режимде қызмет көрсетті. Аурухананың 200-ге жуық барлык профиль қызметкері аурухана әкішілігімен бірге үйлеріне қайтпай, өжеттік танытып, кәсіби борышын атқарды. Тіпті қаладағы қауіпті жағдайға қарамастан, үйлерінен жұмысқа келіп жатқандар да аз болмады.

Болған жайтты аурухана қызметкерлерінің өзі баяндайды.

Омаров Бауыржан Болатұлы – қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі:

«Ауруханамыздың қабылдау бөлімшесіне қысқа мерзімде көптеген жарақат алған адамдар түсті. Түрлі жарақаттармен түскен науқастарды біз кім екеніне, қандай салада жұмыс істейтініне қарамай, пациент ретінде қабылдадық. Өйткені дәрігер, қандай жағдай болмасын, кез келген сәтте науқас атаулыға көмек көрсету керек.

Аурухана басшылығы медициналық көмек бригадасын күшейту туралы алдын ала шешім қабылдаған, құрамында травматолог, хирург, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог және басқа да мамандар бар 5-6 бригада дайын болған. Осының және түскен науқастарды жедел сұрыптау жүйесінің арқасында қызметкерлердің жұмысында ретсіздік пен үрейге жол берілмеді.

Негізі ауруханамызға бірден көп науқас түскен жағдайлар бұдан бұрын да орын алған, естеріңізде болса, Қайрат Нұртастың концерті кезіндегі тәртіпсіздіктер, Алматыдағы атыс, колледждегі жарылыс, ұшақ апаты…

Осы жолы науқастар көбіне оқ жарақатымен түсті, одан басқа да түрлі жарақаттар болды – граната сынықтарымен жарақатталғандар, газбен уланған адамдар, кесілген немесе жарылған жарақатпен түскендер.

Ауруханадағы 9 ота жасайтын бөлме үздіксіз жұмыс істеді».Ахметов Мұрат Төлегенұлы – 1-санатты хирург, жауапты дәрігер:

«2022 жылдың қаңтары ызғарлы болып қана қоймай, Алматының аспанына қара бұлт үйіргеніне куә болдық. Қаңтардың 4-інен 5-іне түн ауған шақта басшылық дәрігерлерді қабылдау бөліміне көмекші қол ретінде жинай бастады. Солардың ішінде мен де болдым.

Сол уақыттан бастап ауруханамыздың босағадағы күзет қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер, тазалықшы, шаруа бөлімі дамыл таппады. Тіпті қалада оқ қарша борап тұрған сәтте қауіптен тайсалмай, жұмысқа келіп жатқандар аз болмады. Демалыстағы дәрігерлер келіп, алдыңғы шепте жүргенде, бас дәрігер Джувашев Алмаз Болатұлы, бас дәрігердің емдеу бөлімі бойынша орынбасары Бапаева Мағрипа Каденовна, хирургия ісі бойынша орынбасары Желдібаев Ермек Мұстафаұлы және қабылдау бөлімінің меңгерушісі Омаров Бауыржан Болатұлы қасымызда күндіз-түні, бір адым кетпей, бірге қызмет еткенде –дәрігерлердің күш жігері қаншалықты артқанын сөзбен айтып жеткізуге келмес.

Қабылдау бөлімі бейне бір соғыс майданының жағалауына айналғандай болды. Дәрігердің анты бойынша бізге бейбіт шеруші, қарақшы, тәртіп сақшылары, әскерилер, барлығы – бір. Барлығын бірдей, жоғары дәрежеде, жіті бақылауға алып, ота жасадық.

Өзімізге де қауіп төнген сәттер болды, көз алдымызда ата-ана, бауыр, отбасы қас қағым сәтте өткені менде ғана емес, бүкіл әріптестерде болған құбылыс деп ойлаймын. Тіпті анам қоңырау шалғанда, уайым-қайғы жемесін деп «үйде, тыныш жердемін» деп алдаған сәт те болды. Сонда да барлық қызметкерлер өз міндетін толық атқара білді.

Негізгі лек оқ жарақатынан туындаған, бас ми, кеуде және іш, қол-аяқтың ауыр жарақаттары болды. Жансақтау ұжымы үшін де бұл аса қиын сәт болды.

Баса айтпағым, аурухана ұжымы, мейлі гинеколог болсын, невропатолог, терапевт, жалпы хирургия профилінен тыс мамандар бізге сын сағаты соққанда зор демеу болды.

Мен әріптестерімді мақтан тұтам!

Елімізде тыныштық орнап, баршамыз аман болып, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын дегім келеді».

Гүлзира Мұхамеджанқызы – қабылдау бөлімшесінің аға медбикесі:

«5-і күні таңертең әдеттегідей жұмысқа дайындалып жатқанда, даладан салют атқандай дыбыстар, адамдардың шулап жатқаны естіліп жатты. Оны ойыма алмадым, аялдамаға шығып едім, 5-6 адам тұр екен. Бәрінің көзі бір жерде, мен де сонда қарадым, адамдар шулап жатыр, мен көңіліме алмадым. Автобус болмаған соң, тұра берсем, жұмыстан қаламын деп, жұмысқа қарай жаяу жүрдім. Жұмысқа келсем, әріптестерімнің түрі шаршаған, мән-жайды күнделікті өткізілетін 5 минуттық жиналыс барысында түсіндім. Түнгі 1-2-лерден бастап ауруханаға оқ жарақаттарымен науқастар түскен екен. Бар ойлағаным мұндай жағдай қайталанбаса екен, бірақ барлық материалдарды дайындап қоюды жөн көрдім. Дәріханадан керек нәрсенің бәрі алынды. Содан сағат 9-10-дардан бастап, кезек-кезек, оқ жарақат алған 5-10 науқасқа дейін түсе бастады. Әр жерінен – аяғынан, санынан, кеуде жарақаттары, бас жарақаттарымен түскендер көп болды. Соның өзінде бізде ол кезде ешқандай қорқыныш сезімі болмады. Науқастарды жеңіл машиналармен де әкеліп жатты. Сол кезде қабылдау бөлімін көрсеңіз, қазір есімізге түсірсек, басымыздан өте бір қиын жағдай өткенін түсінеміз. Ол кезде ондай сезім болған жоқ, ең бастысы өз міндетімізді атқару болды. Түскен науқасқа бірнеше адам көмектеспесе, қансырап жатады, қаны атқылап жатады, киімдерін шешу, оны ота жасайтын бөлмеге тасымалдау, жан сақтау бөліміне жеткізу, каталканы сүйреу, тезірек, уақтылы жеткізу кезінде қиналып қалғанымыз болмаса, бәріміз өз міндетімізді күнделікті жұмыс ретінде қабылдадық. Көмекке бөлімшелерден қызметкерлер түсе бастады. Қолымыз, киімдеріміздің бәрі қан. Қабылдау бөліміндегі қанды кіші мейірбикелер жуып үлгермей жатты. Осы тірлік түнгі 3-ке дейін жалғаса берді. Содан кейін бірнеше адамнан түсе бастады. Осылайша ұйқы түгіл, бір отырмай таңды атырдық. 6-сы күні де осындай жағдай орын алды.

Кейін бүлікшілер ауруханаға қарай келе жатыр деген хабар келгенде ғана, қорқыныш сезімі пайда болды. «Алла жар болсын», «Құдай сақтай гөр» деп білген сүрелерімізді айтып, жұмысымызды жалғастыра бердік. Кешке қарай эвакуация басталғанда, осында кіріп, бәрімізді қырып кете ме деп жүрегім қатты тарсылдап кетті. Қабылдау бөлімінің жарығын өшіріп, есігін жаптық. Түнгі 2-3-терде тыныштала бастады. Содан таңғы 4-тен бастап науқастарды қайтадан қабылдай бастадық.

Әріптестеріме қарасам, ешкім қорықпағандай көрінді. Басшылық 6-ы күні таңғы 6-7-лерде үйлеріңізге қайтсаңыздар болады деген-тұғын. Сонда біздің медрегистраторлар Мағрипа Каденовнадан сіз де қайтасыз ба деп сұраған екен, егер сіз қайтпасаңыз, біз де қаламыз деп жұмыста қалған. Жас мамандарға ризамын. Жүгіріп жүріп, реанимациялық көмек те көрсетті.

Мен әріптестерім батырлық танытты деп есептеймін. Қашанда алдыңғы қатарда қызмет етіп, бірінші соққыны алатын қабылдау бөлімі ғой. Кішкене болса да, етіміз мұндай нәрсеге үйренген. Дегенмен түсіп жатқан жас әлі өмір атаулыны көрмеген жігіттерді көргенде, ауырмаған жүрек болмаған шығар.

Негізі 4 күн ұйқысыз қызмет етсек, 9-нан бастап шаршағанымыз айқын сезіле бастады. Содан кешкісін 1-2 сағат ұйықтап алған кездер болды. Ол кезде түсіп жатқан науқастар саны да азайып, жеңілдегеніміз білінген соң, біз де өзімізге жеңілдік бере бастаған сияқтымыз. Өз басым үйге 11-і күні ғана қайттым. Өз әріптестерімді қолдап, процедура болсын, перевязка болсын, науқастарды тасымалдау болсын көмектесіп, тамақтарын уақтылы дайындап жүрдім. Менімен бірге қалғандар да аз емес. Бір-бірімізге барынша қолдау көрсеттік. Әріптестеріме дән ризамын, алғыс айтамын. Үйлеріне барып келіп жүрген әріптестерімізді уайымдап, хабарласып тұрдық.

7-сі күні 4 жасар қыз түскенде, сол күні жұмыста болған барлық қызметкерлердің жүрегі ауырды. Ол қыздың еш кінәсі жоқ қой. Періште ғой. Соған жанымыз ашыды. Сол күні бәріміз жылап алдық…

Елім, жерім тыныш, ауызбіршілік, бейбітшілік болса екен, ешкім ауырмай, жарақат алмай жүрсінші деп тілеймін».

Бексұлтанова Айтолқын Бектұрғанқызы – оталық медбике:

«Қаңтардың 5-і күні таңертең жұмысқа келдім. Мұндай жайт орын алуы мүмкін деген ой да болған жоқ. Түстен кейін сағат 2-3-терде науқастарды бірінен соң бірін алып келе бастады. Содан бастап таңға дейін үзіліссіз қабылдадық. Кішкене тынышталды деген кез – 6-сы күні таңғы алтыларда болды. Оған дейін бір отырған кезіміз болмады. Өткен жағдайды сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Мұндайды өмірімде бірінші рет көрдім. Шынымды айтсам, өз басым үшін қорыққан жоқпын. Түсіп жатқан науқастарды көріп, олардың жағдайын ойлап, жалпы қалада болып жатқан жайтты, еліміздің осындай күйге жеткенін ойлап жүрегім ауырды. Халқымды ойлап, не болар екен деп, жылап жүріп жұмыс істедік. Ауыр күндер болды. Теледидардан бұрынғы соғыс туралы фильмдерді көруші едік, енді өз көзімізбен де көрдік. Әлі күнге дейін көзіме жас келеді…

Мұндай жағдай елімізде енді қайталанбаса екен деп тілеймін».