ҚЖШККА дәрігерлері ишемиялық инсульттің алдын алды

ҚЖШККА дәрігерлері ишемиялық инсульттің алдын алды
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нейрохирургтері 65 жасар қала тұрғынының сол жақ ішкі ұйқы және омыртқалы артериялары толық бітелуі салдарынан болуы мүмкін ишемиялық инсульттің алдын алды.
Науқас аурухананың инсульт бөлімшесіне ишемиялық типті ми қан айналымының жедел бұзылуы клиникасымен түсті. Науқасты тексеру барысында сол жақ ішкі ұйқы артериясы мен сол жақ омыртқа артериясының толық бітелгені анықталған.
Мидың сол жақ бөлігіне дұрыс қан ағымы жүрмегендіктен бұл аймаққа оттегі мен қоректік заттар жеткілікті түрде жеткізілмеген. Бұның өз кезегінде жаппай ишемиялық инсультке алып келу мүмкіндігі жоғары болды. Науқасты аман алып қалу үшін нейрохирургтер сол жақ ортаңғы ми артериясының сыртқы самай артериясына экстра-интракраниальды микроанастомоз (ЭИКМА) отасын жасауды шешті.
ЭИКМА ми қан айналымы жеткіліксіздігі бар, «созылмалы» церебральды ишемиясы бар, мойын тамырларының атеросклерозына байланысты қан ағымының бұзылуы бар және т.б. науқастарға жасалады. Отаның мақсаты – бас терісі мен миды қанмен қамтамасыз ететін сыртқы самай артериясы арасында микро-анастомоз жасау арқылы мидың қанмен толық қамтамасыз етілуін қалпына келтіру.
Құрамында нейрохирургтер Евгений Жуков, Максим Аргумбаев және анестезиолог Ринат Қасенов бар оталық топ бас сүйегіндегі шағын тесік арқылы сыртқы самай артериясының бір тармағын ортаңғы ми артериясына жалғады, осылайша қан ағымы бітеліп қалған жерді айналып жүретін болды.
Нейрохирург Евгений Жуковтың айтуынша, микротамырлы тігісті салу ота барысындағы техникалық қиын сәттердің бірі. Дәрігерлер диаметрі миллиметрге жуық қан тамырларын микроскоптың көмегімен микроқұралдар арқылы жалғайды.
Ота нәтижесінде мидың қанмен қамтамасыз етілуі қалпына келтіріліп, созылмалы ишемияның жағымсыз белгілері жойылған.
ҚЖШККА-да мұндай жоғары технологиялық ота алғаш рет микроваскулярлық анастомозды қолдану техникасымен жасалды.
Ота сәтті өтті. Науқас таңертең есіне келіп, қазіргі кезде өзін жақсы сезінеді.