Медбикелер күні қарсаңында өз жұмысы туралы қабылдау бөлімінің медбикелері баяндайды.
Шындалиева Гульбану Нахыповна
Жоғары санатты медбике
Еңбек өтілі – 16 жыл
Еңбек жолын теміржол саласында фельдшер қызметінен бастаған. ҚЖШККА 2011 жылдан бастап, қабылдау бөлімшесінің гинекология бөлімінде істейді.
– Медицина – көп салалы ерекше мамандық. Медицина саласында қызмет ету ұқыптылықты, тазалықты, жауапкершілікті, мейірімділік пен батылдықты талап етеді.
– Қабылдау бөлімінде күндіз-түні науқастар үзілмейді. Дәрігерлер, медбике-мейіргерлер, кіші медбикелерін өз жұмысын тік тұрып, жүгіріп жүріп атқарады.
– Жұмыс барысында барлық әріптестеріммен тіл табысуға тырысамын. Дәрігерлерге нақты, тиімді ақпарат беріп отыру – басты міндетім. Одан бөлек, кіші медбикелердің еңбегін бағалау да бар.
– Қазіргі кезде біліктілігімді арттыру үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Жылдан-жылға заманауи технологияның көмегімен қолайлы қызмет көрсетуді меңгеріп келеміз.
– Студентпін, екі баланың анасымын, өз мамандығымды сүйемін, шүкір, бақыттымын!
Сарыбаева Ғалия Мерекеқызы
Жоғары санатты медбике
Еңбек өтілі – 19 жыл
Еңбек жолын оталық медбике ретінде бастаған. ҚЖШККА 2014 жылдан бастап қабылдау бөлімшесінің жара таңу бөлімінде істеп келеді.
– Медбике, мейіргер – мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісі арқылы науқастың аурудан айығуына зор ықпал тигізетін жан.
– Алғашқы медициналық көмек көрсету, жараны жуып тазалау, асқынуға жол бермеу, дәрігерге көмектесу – менің басты міндетім.
– Сүйікті жарым, төрт балам мен сүйікті жұмысымды мақтан тұтамын.
– Қабылдау бөлімі ұжымына зор алғысымды білдіре отырып, барлық әріптестерімді келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Бейспаева Динара Орысбайқызы
ҚЖШККА 2011 жылдан бастап істейді. Басында кіші медбике қызметін атқарып жүріп, медколледжге түсіп, медбике мамандығын тәмамдаған.
– Қабылдау бөлімі жедел шұғыл көмек көрсету бөлімшесі болғандықтан, біз мұнда небір жағдайларды, оқыс оқиғаларды бастан өткереміз. Аурухана қабырғасында жылдан-жылға білімімізді, біліктігімізді арттырып, науқастарға барынша жағдай жасауға, көмектесуге, аянбай қол ұшын беруге дайынбыз. Үш баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған ана ретінде науқастар да менің қамқорлығымды, сүйіспеншілігімді сезгенін қалаймын. Сырқаттанған әрбір науқастың тілек пен алаңдаушылықтарына жанашырлықпен қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деген үміт сезімін бергім келеді. Медбике ісі – ең жауапты, қиын да қарапайым, адалдықты қажет ететін мамандық.
– Ақ халатты абзал жандар, адам өміріне арашасы адал жандар, келе жатқан мереке құтты болсын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беруіңізге шын жүректен тілектеспін!