Жаһандық денсаулық сақтаудың ең күрделі проблемаларының бірі – қант диабеті, ағзадағы инсулин гормонының жетіспеушілігінен туындаған созылмалы эндокринологиялық ауру.

Жаһандық денсаулық сақтаудың ең күрделі проблемаларының бірі – қант диабеті, ағзадағы инсулин гормонының жетіспеушілігінен туындаған созылмалы эндокринологиялық ауру.
Диабеттік табан синдромы (диабеттік табан немесе ДТС) қант диабетінің асқынуының кешені болып табылады. Бұл қант диабетімен ауыратын адамдарда қалыптасатын және эпидермистің, дермистің, сүйектердің, аяқтағы жүйке ұштарының зақымдану процесін қамтитын қауіпті ауру; уақтылы емделмеген жағдайда аяқтың айрылу мүмкін.
Бастапқы кезеңде аурудың негізгі белгілері табандағы ойық жара, кейінгі кезеңде жаралар тереңірек еніп, бұлшықетке, сіңірге, сүйекке әсер етеді. Кейін саусақ некрозы пайда болады, ол аяққа өтіп, бүкіл аяқтың некрозы орын алады.
Диабеттік табанды емдеудің негізгі әдістері қандағы қантты қалыпқа келтіру, тері мен тырнақ пластиналарын жергілікті емдеу, дәрілік терапия және уақтылы хирургиялық араласу болып табылады.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жоғары санатты хирург Әлімжанов Асқар Қасымханұлы 25 жылдан астам уақыт бойы диабеттік табанды емдейді, оның және бүкіл хирургиялық инфекция бөілімінің басты міндеті пациенттерді жоғары ампутациядан құтқаруға мүмкіндігінше тырысу, жүре алу үшін тірек ретінде аяқ функционалдығын сақтау.
«Қазіргі заманғы әдістер мен технологиялар аурудың асқынуының алдын алуға, аяқ-қолды сақтауға және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді Асқар Әлімжанов.
Мұнда ең бастысы келесі жайттарға зор мән беру керек:
1. Ерте анықтау және диагностикалау:
Диабеттік табанды ерте анықтау және диагностикалау сәтті емдеудің алғышарты. Қант диабетімен ауыратын науқастар үнемі дәрігерге қаралуы керек және ойық жара немесе сезімнің өзгеруі сияқты аяқтағы кез келген өзгеріске мұқият болу керек. Асқынудың алғашқы белгілерінде әрі қарай бағалау және емдеу үшін дәрігермен, эндокринологпен, хирургпен кеңесу керек.
2. Тәуекелді анықтау және жеке әдіс:
Қант диабетімен ауыратын әрбір науқастың өз ерекшелігі мен қаупі бар. Тәуекелді бағалау ең тиімді емдеу жоспарын анықтауға көмектеседі. Кейбір науқастар ортопедиялық аяқ киім, арнайы таңғышпен консервативті емдеуді қажет етуі мүмкін. Неғұрлым ауыр жағдайда тінді кесіп тастау немесе абсцесті ашу үшін хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін.
3. Инфекция мен ойық жараны емдеу:
Аяқ инфекциясы мен ойық жара диабеттік табанның ауыр асқынуы болып табылады. Мқндай науқасты ауруханаға іріңді хирургия бөліміне жатқызу қажет. Емдеу антибиотиктерді қолдануды, жараларды үнемі тазартуды және дренажды, арнайы бекітетін таңғыштарды қолдануды қамтиды. Соңғы уақытта қан ағымын қалпына келтіру үшін эндоваскулярлық араласу үшін ангиохирургтарға жүгіну қажет. Өйткені диабеттік табан синдромы жиі атеросклерозбен бірге жүреді.
4. Оңалту және күтім:
Диабеттік табанды сәтті емдегеннен кейін науқасты оңалту шараларымен қамтамасыз ету және аяққа дұрыс күтім жасауды үйрету маңызды. Бұл науқасты жараны күту, қандағы қантты бақылау, аяқ киімді дұрыс таңдау және қайталанудың алдын алу шараларын үйретуді қамтиды.
– Диабеттік табанды емдеу кешенді және жеке тәсілді қажет етеді. Ерте анықтау, диагностикалау, тәуекелді бағалау, инфекция мен ойық жараны емдеу, сондай-ақ оңалту мен күтім қант диабетінің асқынуын сәтті басқарудың негізгі аспектілері болып табылады. Диабеттік табанды емдеудің заманауи тәсілдері пациенттің денсаулығын сақтауға, аяқтың жоғары ампутациясын болдырмауға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Тәуекел мен асқынуды азайту үшін медицина мамандарына үнемі көрініп, аяқ күтімі бойынша ұсыныстарды орындау қажет, – деп түйіндеді Асқар Әлімжанов.
Диабеттік табан емдеуді кешіктіруге болмайтын аурулардың санатына жатады. Гангрена, ампутация, мүгедектік, науқастың өлімі әрекетсіздіктің нақты салдары болып табылады. Сондықтан дер кезінде дәрігерлерге көріну өте маңызды.