Урологияда жиі жасалатын манипуляцияның бірі – шағын инвазивті ота арқылы несеп-тас аурулары кезіндегі тастарды алып тастау.

Урологияда жиі жасалатын манипуляцияның бірі – шағын инвазивті ота арқылы несеп-тас аурулары кезіндегі тастарды алып тастау. Мұндай отаның тиімділігі жоғары әрі денеге минималды араласуды қажет етеді. Бірақ кейбір жағдайда дәрігерлер кесіп-тілетін хирургияға көшуге мәжбүр болады.
Осылайша, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 53 жастағы науқас сол бүйректегі қатты ауру сезімі, жүрек айну және құсу шағымдарымен шұғыл түрде түсті. Компьютерлік томографияда сол несепағардың ортаңғы үштен бір бөлігінде 0,9х0,6 см мөлшерлі тас анықталды.
Жұлын анестезиясымен урологтар уретерореноскопты (несепағар мен бүйрек жамбас қуысын визуалды тексеруге арналған эндоскопиялық құрал) сол несепағардың ортаңғы үштен бір бөлігіне жіберді, ол несепағар бүгілген жеріне дейін жетіп, одан әрі өте алмады.
«Осыған байланысты науқасқа Федоров бойынша люмботомия жасалды, – деп түсіндірді ҚЖШККА урологы Талғат Шыныбаев. – Тексеру кезінде несепағардың ортаңғы үштен бір бөлігінде бекітілген бүгілу анықталды. Несепағарды тас үстінен кесіп, уретеролитотомия жасадық».
• Уретеролитотомия – несепағардағы тастарды «ашық» әдіспен алып тастау отасы. Қазіргі уақытта тастарды алудың заманауи шағын инвазивті әдістерін кеңінен енгізуге байланысты бұл әдіс көп қолданыла бермейді. Бірақ науқасты аман алып қалу мен оның сапалы өмірінің жалғыз мүмкіндігі уретеролитотомия болатын жағдайлар да болады. Бұл әдіс несеп-тас ауруының күрделі ағымында қолданылады.
«Өлшемі 1,0-0,9 см тасты алып тастағаннан кейін СН5 ішкі стент катетерін орнаттық. Ота сәтті өтті», – дейді уролог.
Операция 60 минутқа созылды.
Операцияны урология бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Амиров пен Талғат Шыныбаев жасады.
Науқастың операциядан кейінгі жағдайы асқынусыз өтті. Науқас үйге шығуға дайындалып жатыр.
«Кез келген операция – ағза үшін үлкен стресс, отадан кейін қалпына келу қажет. Бірінші айда физикалық белсенділікті қоя тұрып, дұрыс тамақтануға көшу керек, дәрігердің нұсқауларын толығымен орындау керек. Бұл отадан кейінгі оңалуды тездетеді және отаға дейінгі әдеттегі өмірге тез оралуға ықпал етеді. Дәрігерге тұрақты түрде қаралып тұруды ұмытпаңыз», – деп түйіндеді ҚЖШККА урология бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Амиров.