ҚЖШККА дәрігерлері науқастың ішінен салмағы 2 келіден астам түзілімді шығарды

ҚЖШККА дәрігерлері науқастың ішінен салмағы 2 келіден астам түзілімді шығарды
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) 52 жасар науқас іш қуысындағы аурушаңдық пен ауырлық сезіміне шағымданып түсті. Науқастың айтуы бойынша, ол бір жылдай бұрын ішінің үлкейе бастағанын байқаған, бірақ соңғы сәтке дейін ыңғайсыздық пен ауырсыну сезбеген соң, медициналық тексеруден өтпеген. Бұл өзгерген бойда ол дәрігерлердің көмегіне жүгінді.
Компьютерлік томография нәтижесінде науқастың ішінде үлкен түзілім бары анықталды. Барлық қажет талдаулар жасалғаннан кейін өткен консилиумде науқасқа хирургиялық ота жасау шешімі қабылданды.
ҚЖШККА хирургтарына ота барысында салмағы екі келіден асатын түзілімді алып тастау үшін 2,5 сағаттан астам уақыт кетті.
«Іш қуысынан тыс кеңістікте орналасқан түзілім іш қуысындағы бүкіл орган, ішектің бәрін оң жаққа ығыстырып, іштің тең жартысын алып жатты. Операцияның күрделілігі түзілімнің іш қуысынан тыс кеңістікте орналасып, шап аймағына өтіп кеткенінде болды. Мұнда түзілімді тұтас алып шығару маңызды екенін айтып өту керек. Сондықтан біз шап аймағынан қосымша тілік жасап, сан артериясының жанынан санның жоғарғы үштен бір бөлігіне дейін өттік. Оның үстіне түзілім шекаралары аортаға жақын жатып, сол жақ бүйректің шекарасы және несепағардың бойымен кеткен. Бұл өте қауіпті болды. Түзілімді органдардан өте мұқият бөліп алу қажет болды», – деп түсіндіреді ҚЖШККА ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нұркен Желдібаев.
Түзілім 25-30 см-ге дейін өсіп жетті, ота кезінде оның салмағы 2,240 кг болды.
Операция 2,5 сағатқа созылып, операциялық топтың – ота жасау бөлімінің меңгерушісі Н.Желдібаев, хирургтар Б. Касенов пен М. Ахметов, оталық медбике Л. Гейдарова және анестезиолог Б.Бижанованың арқасында сәтті өтті.
Отадан кейін 7 күннен соң науқас үйге шығарылды.
Дәрігерлер ағзадағы орын алған кез келген өзгерістерді дер кезінде тексертіп, дәрігерге көрінудің маңыздылығын тағы бір атап өтті.