Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз. Семенов Владимир Геральдович.

Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз
Семенов Владимир Геральдович
Жоғары санатты травматолог
Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі
Еңбек өтілі – 35 жылдан астам
– Мен дәрігер ретінде өз еңбек жолымды №4 қалалық клиникалық ауруханада бастадым, – дейді Владимир Геральдович, – Алдымен кезекші дәрігер, сосын қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, содан кейін бас дәрігердің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары ретінде қызмет еттім. 10 жыл бас дәрігердің орынбасары болдым. Бірақ мұндай негізінен әкімшілік жұмыс – қағазбастылық мен үшін емес, мен ота жасау бөлмесінде жұмыс істегенді жақсы көремін. Сондықтан 2011 жылы маған Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жаңа бөлімше ашуды ұсынғанда, мен ойланбастан келістім. Биыл Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі болғаныма 10 жыл болады.
Владимир Семенов – бүкіл республикаға танымал өте күшті және тәжірибелі травматолог маман. Ол тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарына жасалатын хирургиялық оталардың соңғы технологияларын жетік біледі. Ол бөлімшенің тәжірибесіне артроскопиялық оталарды, остеосинтезге арналған заманауи блоктау құрылымдарын, аяқ-қол үлкен буындардың эндопротездеуін, түрлі коррекциялық ортопедиялық хирургиялық араласуларды енгізді.
– Менің әжем де, әкем де, анам да дәрігер болған. Осындай «медициналық» отбасыдан шықтым. Сондықтан болар өзімді тек дәрігер ретінде елестететінмін. Отбасында тек дәрігерлер болған кезде, басқа таңдау болмайтын да шығар. Мамандығымды ауыстырмас та едім. Ауыстыруға да келмейді ғой – 35 жылдан бері травматологияда жүрмін.
– Кез келген дәрігердің өзі жақсы физикалық дайындық пен төзімділікке ие болуы керек. Ота бір-екі-үш сағатқа, не болмаса одан да көп уақытқа, созылуы мүмкін. Сол уақыт бойы тұрып тұру үшін сіз сәйкес формада болуыңыз керек. Мен қашанда спортпен шұғылдандым, жүзуден менің санатым да бар. Оның үстіне адамның денсаулығы мен өміріне жауап беру – үлкен жауапкершілік пен эмоционалдық ауыртпалық. Өкінішке қарай, мұны бәрі бірдей түсіне бермейді. Бірақ дәрігер де адам ғой, – деп баса көрсетеді Владимир Семенов.
– Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы травматология бөлімшесіне күніне 40-50-ге дейін жарақат алған адам түседі. Оның ішінде 5-10 науқас ауруханаға жатқызылады. Көбінің жағдайы ауыр – апаттан немесе пышақ жарақатынан кейін, – дейді Владимир Геральдович. – Науқастарды бізге тіркелу орны бойынша емес, жарақат алған жері бойынша әкеледі. Бүгінгі күні, шыны керек, адамдар өз смартфондарына үңіліп, жан-жағына қарамай жүреді, ештеңе көрмейді, құлаққаптарын киіп алса, тіпті, ештеңе естімейді де, осылайша күтпеген жерден жарақат алып жатады.