Бүгін Дүниежүзілік бүйрек күні

Дүниежүзілік бүйрек күні Халықаралық нефрологиялық қоғам мен Бүйрек қорлары халықаралық федерациясының бастамасымен жыл сайын, наурыздың екінші бейсенбісінде аталып өтеді.
Бұл күннің мақсаты – халықты бүйрек ауруы туралы кеңінен хабардар ету, ауруларды ерте диагностикалау болып табылады.

ДДСҰ деректері бойынша бүйрек ауруларымен ауыратын науқастар саны жер шарында өсіп келеді.

Адамның қос бүйрегі – қандағы барлық қажетсіз заттарды сүзіп, тазартатын ең қажетті мүше. Ал егер ағзада қандай да бір кәдеге асатын зиянсыз сұйықтық кездессе, бүйректегі талшықтар оларды сақтап қояды. Әлдеқандай жағдаймен адам суға шөліркеп, қиналған сәтте бүйрек әлгі сақтап қойған сұйықтықтарды шығарып, тіршілікті әрі қарай жалғастыруға себеп болады. Бүйректі ағзаның қамқоршысы дейтініміз де сондықтан. Өкінішке қарай, бүйректің дертіне ұшыраған жандар елімізде баршылық. Көпшілігі ауруын елемей жүріп, бүйрегі әбден істен шыққанда ғана дәрігерге қаралады екен.
Бүйрек дертін, басқа да кез келген дертті сияқты, алғашқы сатысында емдеген жеңілірек. Ал сырқат асқынған жағдайда еңбекке жарамсыздыққа, тіпті, мүгедектікке дейін әкелуі мүмкін. Бүйрек аурулары жүрекке салмақ түсіріп, 30 пайызында инфаркт пен инсульттің себебі болады екен. Сондықтан жүрегі ауыратындар, қан қысымы бар жандар бүйрегін де тексертіп алғаны абзал.

Бір ескерерлігі, бүйректің ауруы бастапқы кезде білінбейді екен. Оның алғашқы белгілері: әлсіздік, ұйқысыздық, тамаққа тәбеттің болмауы. Бұған ешкім мән бере бермейді. Аурудың асқынып кететіні де содан.

Аурудың алдын алып, сақтанған жөн. Келесі қарапайым ережелерді ұстаныңыз:
– Салауатты өмір сүру салтын сақтау (шылым шекпеу, алкоголь ішпеу);
– Дене шынықтыру, спортпен айналысыңыз. Дене шынықтыру бүйрек ауруларының қаупін азайтады;
– Қандағы қанттың деңгейін қадағалау. Қант диабетімен ауыратын адамдардың тең жартысында бүйректің созылмалы ауруы пайда болады, сондықтан мұндай науқастарға жылына бір рет бүйректі тексерту қажет;
– Қан қысымын бақылау;
– Дене салмағын бақылау;
– Күніне 1.5-2 л су ішу;
– Дәрігердің нұсқауынсыз өздігінен дәрі-дәрмек қабылдамау.

Деніңіз сау болсын! Ауырмаңыз!