Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз

Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз

Терапия бөлімшесінің меңгерушісі – Мұхамбетова Райхан Өтепқызы
Жоғары санатты терапевт
Денсаулық сақтау саласының үздігі
Денсаулық магистрі
Жалпы еңбек өтілі – 24 жыл

2020 жылы Ковид-19 індетіне қарсы күрестегі жемісті еңбегі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Халық алғысы» медалімен;
2021 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық төсбелгісімен марапатталған.

– Менің отбасымда мұғалім, есепші, тіпті техниктер бар. Медицинаны бірінші таңдаған менмін. Өзімді басқа мамандықта көрген емеспін. Медицина саласы маған сұранысқа ие, құрметті, тұрақты, жақсы маман болсаң, тұлға ретінде орныға алатын сала болып көрінді, – дейді Райхан Өтепқызы.
– Бірде-бір дәрігер еңбек жолының қалай, қайдан басталғанын ұмытпайтын шығар. 1991 жылы мен жалпы медицина факультетіне АМИ-ге оқуға түстім. Еңбек жолын Шелек ауылындағы аудандық ауруханада кіші медбике болып бастадым. Кейін №5 қалалық клиникалық ауруханаға медбике болып жұмысқа орналастым. Бірінші перзентханада акушер болып жұмыс істеудің де сәті түсті. Дәрігер болудың барлық сатысынан өттім деп айта аламын. Мен АМСК, жедел жәрдем және стационарлық көмекте дәрігер болып та істедім. ҚЖШККА дейін №11 ҚЕ кардиолог дәрігер болдым.


2015 жылдың наурыз айынан бастап ҚЖШККА-да жұмыс істеймін, алдымен дәрігер-ординатор, ал бірнеше айдан кейін бөлімше меңгерушісі болдым.
– Менің ойымша, біздің мамандықтағы ең бастысы – пациенттерді қадірлеу, бұл дәрігерге деген сұранысты тудырады.