«Бүкіл ұжым еңбегінің арқасында осының бәріне қол жеткіздік», – Ермек Желдібаев

Жаңа жыл өткен жылға баға беріп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жаңа өмірге жол сілтейтін мереке. Сол себепті жыл соңында қорытынды шығарып, тілек айту қалыпты жағдай.

Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің хирургиялық қызмет бойынша орынбасары Желдібаев Ермек Мұстафаұлы жыл қорытындыларын шығарып, келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Ермек Желдібаев бұған дейін 4 жыл аурухана қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі болған.
Жалпы еңбек өтілі – 13 жыл. Жоғары санатты хирург. 2020 жылы Covid-19 пандемиясы кезіндегі зор еңбегі үшін ҚР мемлекеттік наградасы «Халық алғысы» медалімен марапатталған.

– Санаулы күннен кейін 2022 жаңа жылды қарсы аламыз. Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын демекші, мереке қарсаңында әрқайсымыз өткен жылға есеп беріп, келер жылға жоспар құрамыз.

2021 жыл барлығымыз үшін ауыр, қиын жыл болды. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемияның екінші жылының ауыр толқынын бастан өткердік. Осы уақыт ішінде көпсалалы аурухана 2 рет жұқпалы аурулар ауруханасына мамандандырылған еді. 4 ай ішінде 3783 адамға стационарлық көмек көрсетілді. Қиын кезеңде ауруханамызда төсек санын көбейтіп, мүмкіндігімізше барынша көп адамға көмек көрсетуге тырыстық. Қызметкерлеріміз күн демей, түн демей ауыр халде түскен науқастардың аман қалуы үшін барын салып күрескенінің нәтижесінде жетістікке жеттік.

Ауруханамыз қаладағы ең ірі екі медициналық мекеменің бірі ретінде коронавирустың өзінен емдеп қана қоймай, коронавирусқа шалдыққан науқастарға хирургиялық оталар да жасады. Ауыр соматикалық аурулары бар науқастарды емдеді.

Ауруханада жыл басынан осы уақытқа дейін 37600 адам қаралған, оның 12965-іне стационарлық көмек көрсетіліп, 4563 науқасқа хирургиялық ота жасалған.

Енді бір жетістік ретінде ауруханамызда орнатылған ангиографты атап өткім келеді. Ангиографтың арқасында кіші инвазивті ота – қан тамыры ішінен жасалатын оталардың нәтижесінде ауыр халде түскен, атап айтқанда, инсультпен түскен науқастарды өлім аузынан алып қалдық. 2 айдың ішінде 20 шақты осындай ота жасалды, тағы 5 ота жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалды.
Иық буынын протездеу, омыртқа бағанының грыжаларында жарықтарды микрохирургиялық әдістермен емдеу сияқты жетістіктерге де жеттік.

Ерең еңбегі үшін бірнеше қызметкеріміз «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» сынды мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болды.

Қаншалықты ауыр жыл болғанымен, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бүкіл ұжым еңбегінің арқасында осының бәріне қол жеткіздік.

Ескі жылға өкпе жоқ. Қандай ауыр болса да, біз осы күні, осындай жағдайда өмір сүріп жатқанымызға Аллаға шүкіршілік етеміз және болашаққа арман-мақсат құрамыз. 2021 жылды шығарып салып, келе жатқан жаңа жылға үміт артамыз.

2022 жыл құтты, берекелі болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Келе жатқан жыл бәріміз үшін, еліміз үшін бейбіт жыл болсын, көп жақсылық пен қуаныш әкелсін. Әр адамның алға қойған арманы-мақсаты бар. Сол армандары орындалатын жыл болсын.

Ауруханамыз үшін өркендейтін, гүлденетін, биік асуларды бағындыратын, үлкен жетістіктерге қол жеткізетін жыл болсын!

Аман-сау болыңыздар!