Дүниежүзілік денсаулық күні

Дүниежүзілік денсаулық күні

Бұл атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) құрылған күнінде аталып өтіледі. 1948 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті ДДСҰ-ға мүше болып отыр. Денсаулық күнін жыл сайын өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адам денсаулығын жақсарта түсу мақсатында тиісті шешім қабылдауы үшін өткізіледі.

ДДСҰ әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады. 2022 жылдың тақырыбы – «Біздің әлем – біздің денсаулық». Бұл ұран адам денсаулығы мен қоршаған ортаны сақтау және қоғамдық денсаулықты белсенді түрде нығайту бойынша шұғыл әрекет етуді талап етеді.

Әлемде жалғасып жатқан пандемия, экологиялық, экономикалық дағдарыстар аясында қатерлі ісік, астма, жүрек аурулары және т. б. сияқты аурулар өсіп келеді.
Жүрек-қан тамыр, респираторлық аурулар мен қант диабеті әлемдегі барлық өлім-жітімнің 71%-ін құрайды. Мамандар бұл аурулардың алдын алу көп жағдайда адамның өзіне байланысты дейді. Әр адам салауатты өмір салты, спорт, дұрыс тамақтану қағидаларын берік ұстанғаны абзал. Сондай-ақ дәрігерге уақытында қаралу, үнемі медициналық тексерістен өту және дәрігер кеңесіне құлақ асқан орынды.
ДДСҰ бағалауы бойынша, алдын алуға болатын экологиялық жағдай жыл сайын дүние жүзі бойынша 13 млн адамның өліміне себеп болады. Олардың қатарында адам денсаулығына ең үлкен қауіп болып табылатын климаттық дағдарыс та бар.
Өздеріңіз білетіндей, адам денсаулығының тек 10%-ы денсаулық сақтау жүйесіне, 50%-ы – өмір салтына, 20%-ы – тұқым қуалаушылыққа (генетика) және тағы 20%-ы – қоршаған ортаға байланысты.
Өз кезегінде, қоршаған ортаға біздің әдеттеріміз бен өмір салтымыз әсер етеді. Демек, аурулардың алдын алудың, денсаулықты сақтаудың және ұзақ өмір сүрудің қажетті шарттары: адамда өзіне және басқаларға деген жауапкершілікті қарым-қатынасты тәрбиелеу, саналы тұтынуды қалыптастыру – денсаулық пен қоршаған ортаға зиян келтірмейтін тауарлар мен қызметтерді таңдау; қалдықтарды экологиялық таза басқару және т.б.
Адамның денсаулығы ең алдымен өзіне байланысты екенін ұмытпаңыз. Салауатты өмір салты, өзіне және басқаларға жауапкершілікпен қарау, тұрақты түрде дәрігерлерге қаралып, тексеруден өтіп тұру, денсаулық пен қоршаған ортаға зиянсыз тауарлар мен қызметтерді таңдау – мұның бәрі денсаулық пен ұзақ өмір сүруді сақтауға, аурулардың алдын алуға қажетті жағдайлар.
Деніңіз сау болсын! Ауырмаңыз!

Құрметпен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы