ҚЖШККА дәрігер-комбустиологі бетінің сол жақ бөлігінің 70%-н күйік шалған науқастың бетін қалпына келтірді

ҚЖШККА дәрігер-комбустиологі бетінің сол жақ бөлігінің 70%-н күйік шалған науқастың бетін қалпына келтірді

Дәрігерлер бетінің сол жақ бөлігінің 70 пайызын күйік шалған науқастың бетін қалай қалпына келтіргенін айтып берді. Науқастың жамбастағы терісінің бір бөлігін кесіп алып, оны бетке ауыстырды. 1953 жылғы келіншек бірнеше рет кезеңдік ота жасатып, бірнеше жыл емделіп, бет-әлпетін қалпына келтіріп, қалыпты өміріне оралды.

Бірнеше жыл бұрын Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына үйінде жарақат алған науқас түскен. Науқастың өзінің айтуынша, тамақ пісіріп жатқанда есінен танып, жанып жатқан газ плитасының оттығына құлаған.

– Бетімнің сол жағын ашық отқа күйдіріп алдым. Күйіктің ауыр болғаны сонша, бірнеше ота жасауға тура келді. Әуелі тазалады – бетімді күйген теріден тазартты. Беттің сол жақ бөлігінің 70%-ы дерлік зақымдалғандықтан, ол көп жаңа теріні қажет етті. Сондықтан дәрігер жамбастың терісін алуды ұйғарды. Қабағым жабылмағандықтан соңғы ота қабаққа жасалды. Барлық ота мен емдеу, шүкір, сәтті өтті, қалыпты өміріме оралдым, – дейді науқастың өзі.

– Науқас ауыр жағдайда аурухананың жедел жәрдем бөліміне түсті. Жарақатының ауырлығы мен сипатын ескере отырып, ол дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Шокты тоқтатқаннан кейін травматология бөліміне ауыстырылды, онда жалпы, анальгетикалық, инфузиялық, детоксикация терапиясы және жабық әдіспен жараларды жергілікті емдеу жүргізілді, – дейді емдеуші дәрігер Бақытжан Монтаев.

Әдетте, күйіктен кейін бетте тыртықтар пайда болады, көз, мұрын, ауыз деформацияланады. Кейбір адамдар тіпті дұрыс тамақтана алмайды. Бұл ауыр жарақат. Мұндай зақыммен пластикалық хирургия арқылы күресудің жолын іздеу керек.

Науқасқа барлығы 3 ота жасалды. Ең қиыны – бетке сау терніні трансплантациялау – 2 сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде дәрігерлер нәзік, зергерлік жұмысты орындады.

– Науқаста беттің сол жақ бөлігінің IIIб дәрежелі 70% күйігі орын алды. Бет пен бастың күйіктері терең болды. Алдымен біз барлық күйген тіндерді алып тастадық. Науқастың сол жақ бас терісі, сол жақ құлағы, сол жақ беті, сол жақ маңдайы мен сол жақ иегі күйген. Содан кейін жамбастың 300 шаршы сантиметр көлемді тері жамылғысы кесілді. Оны бетке ауыстырдық, яғни өрттен зардап шеккен аймақты толығымен жаптық. Бірақ бұл бастапқы кезең ғана еді, – деп түсіндірді дәрігер-комбустиолог Дәрмен Жамашев.

Отадан кейінгі кезең қиындықсыз өтті, бірінші таңу 48 сағаттан кейін жасалды. 10-күні трансплантациялар 99%-ға тамыр алып, науқас тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емдеуге шығарылды. Содан кейінгі 2 жыл бойы ота жасаушы дәрігер Дәрмен Қуатұлының бақылауында болды.

– Күйіктен кейін 6-12 айдан кейін тыртық тіні түзіледі. Сондықтан бет күйігінің салдарын хирургиялық емдеу жарақаттан кейін бір жылдан кейін жасалады, өйткені жарақаттан кейінгі ерте кезеңде ота көп мөлшерде қан жоғалтумен, жаңа тыртықтардың қозғалғыштығының төмендеуімен, тыртықтардың жарылуымен бірге жүрді. Тігіс материалымен тыртықтанудың жалғасуы деформациялардың қайталануын туғызды, – деп атап өтті бөлімше меңгерушісі Сағит Маханов.

Ауруханадан шыққаннан кейін 2 айдан соң науқастың сол көзінің жоғарғы қабағының айналуы орын алып, сол жақ жоғарғы қабақтың гипертрофиялық тыртықтарының түзілуіне байланысты бет асимметриясы анықталды. Жарты жылдан кейін оны жою мақсатында – тыртықты кесу, блефаропластика – еркін аутодермопластика жасалды.

– Дәрігер Дәрмен Қуатұлына кәсіби біліктілігі, емделушілерге көңіл бөлгені үшін алғыс айтамын. Мен Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 1,5 ай жаттым, дәрігер бірнеше жыл бойы менің әл-ауқатымды және бет терісінің жағдайын бақылап отырды. Терінің жағдайын қалай жақсартуға болатыны туралы кеңес беріп тұрды. Сіздерге көп рахмет, – деп емделуші дән ризашылығын білдірді.

***Пациент публикацияға рұқсат берген