Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Халықаралық медбике күніне арналған салтанатты мерекелік жиын өтті.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Халықаралық медбике күніне арналған салтанатты мерекелік жиын өтті. Адам жанына араша түсіп, науқастың жанынан табылатын ақ халатты абзал жандардың еңбегіне құрмет көрсетілген шараға аурухана ұжымы қатысты.
Іс-шараны аурухана директоры Алмаз Джувашев құттықтау сөзбен ашып, медбикелердің денсаулық сақтау саласындағы айрықша орнына тоқталды: “Медбике мамандығы – жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Сіздердің күнделікті адал еңбегіңіз, сабыр мен мейірімге толы қызметіңіз мыңдаған науқасқа демеу болып келеді. Әрқайсыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Кәсіби мереке құтты болсын!”, – деді аурухана басшысы.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі өтті. Қонақтар назарына «Дервиши» шығармашылық тобының өкілі арнайы өнер көрсетіп, концерттік бағдарлама аясында қазақ және шығыс билері ұсынылды, дағыра тартылды. Сонымен қатар электр домбырада күй орындалып, мерекелік слайдшоу көрсетілді. Медбикелерге арналған жүрекжарды ән кештің шырайын аша түсті.
Салтанатты жиында барлық марапат пен алғыс хатты аурухана директоры Алмаз Джувашев табыстады.
Атап айтқанда,
– «AQNIET» кәсіподағы атынан – 6 қызметкер
– Алмалы ауданы әкімдігі атынан – 4 қызметкер
– Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы атынан – 20 қызметкер
және аурухана директорының алғыс хатымен – 19 орта буын медицина қызметкері марапатталды.
Оның үстіне аурухана директорының төсбелгісімен 3 медбике марапатталды.
Қадірлі сала мамандарын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!
Халықаралық медбике күні – мейірім мен кәсібилікті қатар ұстанып жүрген жандарға тағзым күні. Барша медбике мен мейіргерлерді кәсіби мерекемен құттықтаймыз!