Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жамбас және тізе буындары хирургиясы саласындағы әлемге танымал маман, британдық ортопед-хирург, профессор Джон Конройдың қатысуымен халықаралық кәсіби тәжірибе алмасу іс-шарасы өтті.
Іс-шара аясында MAKO роботтандырылған жүйесін қолдана отырып, тізе буынын толық және жартылай, жамбас буынын толық эндопротездеу бағытындағы заманауи тәсілдер таныстырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – мамандармен тәжірибе алмасу, озық технологияны көрсету және буын хирургиясындағы жаңа мүмкіндіктерді кеңінен таныстыру болды.
Профессор Джон Конрой кездесу барысында клиникалық жағдайларды жан-жақты талдап, отаға дейінгі жоспарлау қағидаттарын түсіндірді, буын эндопротездеудегі дәлдік пен қауіпсіздіктің маңызын атап өтті.
Практикалық бөлімге ұсынылған 10 күрделі клиникалық жағдайдың ішінен екі пациент іріктеліп, оларға тізе буынына жоғары технологиялы эндопротездеу отасы MAKO жүйесінің көмегімен сәтті жасалды.
Профессор Джон Конрой Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы мамандарының кәсіби деңгейін жоғары бағалап, аймақта роботтандырылған хирургияны дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті.
Аурухананың травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сағит Маханов халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті:
«Әлемдік деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасу бізге ота жасау тәсілдерін жетілдіруге, заманауи технологияны енгізуге және пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздегі жоғары технологиялы ортопедияны дамыту жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтіп, профессор Джон Конройға және іс-шараны ұйымдастыруға әрі өткізуге атсалысқан барлық маманға алғыс білдірді.
Мамандардың айтуынша, буын ауруларымен жиі жүгінетін пациенттер арасында тізе және жамбас буындарының II-IV дәрежелі артрозы бар науқастар көп. Сондай-ақ бұрын эндопротездеу жасатқанымен, шағымы сақталған және ревизиялық отаны қажет ететін жағдайлар да кездеседі.
Пациенттер отаға дейін толық тексеруден өтеді, КТ нәтижесі негізінде жеке 3D модель жасалып, әр қадам алдын ала жоспарланады және пациентпен талқыланады. Ота орта есеппен 1 сағатқа созылады.
Іс-шара еліміздегі ортопедия саласының дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және халықаралық тәжірибенің кеңеюіне маңызды үлес қосқан кәсіби алаң болды.




