Инновациялық хирургиялық әдістің арқасында өткен сәтті ота
1955 жылғы науқас Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) хирургия бөлімшесіне ішінің ауруына, нәжіс пен жел шығуының қиындауына, жүрек айну, құсу, әлсіздік және салмақ тастауға шағымданып түсті (соңғы жылы 20 кг тастаған). Іш қуысы мүшелеріне жасалған КТ жіті ішек өтімсіздігін, тоқ ішектің көкбауыр бұрышы деңгейінде қабырғасының біркелкі емес қалыңдау белгілерін, бауырда диффузды өзгерістерді, созылмалы холецистит белгілерін және өт қабындағы тоқырауды, пневматозды, ішек капростазын, долихоколонды анықтады. Жағдай науқастың қатар жүрген ауруы – 3-дәрежелі артериялық гипертензия және жүрек-қан тамырлары асқынуының жоғары қаупімен қиындай түсті. Оның үстіне науқас үш күн бойы отадан бас тартқан болатын.
Лапаратомия. Іш қуыс мүшелерін ревизиялау. Іш жабысқақтарын ажырату. Тоқ ішек ісігін резекциялау. Тоқ ішек анастомозын салу. Құрсақ қуысын санациялау және дренаждау шұғыл отасын хирургтар Нұрхат Есенбеков, Дәурен Абдуалиев, резидент Диас Мырзаш, оталық медбике Айтолқын Бексұлтанова, анестезиолог Шахмұрат Камалов жасады.
Ота 3 сағат 35 минутқа созылды.
«Мұндай тоқ ішек ісіктері үшін, шұғыл жағдайда, колостома жасалатын. Содан кейін ұзақ уақыт емделіп, онкологпен кеңескеннен кейін не химиотерапиядан кейін науқасқа екінші ота – стоманы жабу жасалатын немесе өмірінің соңына дейін онкологияның соңғы сатысында колостомамен өтетін. Біздің жағдайда науқасқа екінші ота қажет емес, – деп түсіндіреді Нұрхат Есенбеков. – Біз бір уақытта ісік резекциясын жасап, тоқ ішектің анастомозын бірінші рет іш қуысы хирургиясында ашық түрде және лапароскопиялық араласулар кезінде қолданатын LigaSure көмегімен шұғыл түрде жасадық. Соңғы медициналық құрал мен құрылғыларда ота жасау мүмкіндігі үшін ауруханамыздың директоры Алмаз Болатұлына алғыс білдіреміз».
LigaSure және аргондық плазмалық коагуляцияны қолдану отаның көлемі мен ұзақтығын қысқартуға мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, пациенттің өмірін сақтап қалу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Тоқ ішектің резекцияланған аймағының гистологиялық есебі шырышты компоненті бар жоғары дәрежелі аденокарциноманың сәтті жойылғанын растады, резекция шетінде ісік өсімі анықталмады.
Ал науқас отадан кейінгі 8-күні қанағаттанарлық жағдайда әрі қарай амбулаторлық ем алу үшін үйге шығарылды.