“Біздің мамандықта кездейсоқ адамдар жоқ, – дейді Рахатхан Камалова. – Жансақтау бөлімінің медбикелері – нағыз жан-жақты кәсіби мамандар. Бұл медбикелердің ерекше санаты”.

“Біздің мамандықта кездейсоқ адамдар жоқ, – дейді Рахатхан Камалова. – Жансақтау бөлімінің медбикелері – нағыз жан-жақты кәсіби мамандар. Бұл медбикелердің ерекше санаты”.
– Мен Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 2016-жылдан бері жұмыс істеймін. Бұған дейін жеке орталықта, ем-шара бөлмесінде істедім. Мұнда жұмысқа орналасуға келгенімде тек реанимацияда орын бар екенін айтты. Басында қолымнан келмейтін шығар, қиын болады деген қорқыныш болды. Бірақ бірінші ауысымнан кейін-ақ мен өзімді тапқанымды түсіндім. Қазір мен өзімді басқа бөлімшеде елестете де алмаймын, – дейді ҚЖШККА жансақтау бөлімінің медбикесі Рахатхан Қамылжанқызы.
Иә, жансақтау бөліміндегі жұмыс қиын, қарқынды және зор еңбекті қажет етеді. Мұнда науқастар шунттау операциясынан, инфаркттан және инсульттан кейін түседі. Олар кем дегенде бір күнді реанимацияда өткізеді. Бұл бөлімше медбикесінің көптеген міндеттеріне медициналық тағайындауларды орындау, пациенттерге күтім жасау және олардың жағдайын бақылау кіреді. Бұл қысымды, температураны, тыныс алу функциясын, қанның оттегімен қанықтылығын, жүрек соғу жиілігін – барлық маңызды параметрлерді бақылау деген сөз.
– Жансақтау бөліміндегі жұмыс ауыр ғана емес, мұнда жауапкершілік те әлдеқайда жоғары, халі ауыр науқастармен жұмыс көп көңіл бөлуді қажет етеді. Емдеуден басқа, біз науқасқа толық күтім жасаймыз – жуамыз, тамақтандырамыз, қайта жатқызамыз, катетерлермен жұмыс істейміз, төсек жараларының алдын алуды жүзеге асырамыз, қан қысымын, тамыр соғуын, дене температурасын өлшейміз, пациенттерді бақылау кестелерін жүргіземіз, клизмалар мен газ түтіктерін саламыз, науқасты ота жасауға дайындаймыз және т.т., – дейді Рахатхан Камалова.
Медбике – тәулік бойы науқастың жанында болатын маман. Оның жағдайындағы барлық өзгерістерді бірінші болып байқайтын да медбике. Көңіл-күйдің өзгеруіне де мән береді. Барлық ауытқуларды емдеуші дәрігерге хабарлайтын медбике.
– Мен адамның қаншалықты нәзік, қорғансыз екенін жансақтау бөлімінде жұмыс істеп жүргенде түсндім. Науқастың медбикелерге қаншалықты тәуелді екені де осында анық байқалады. Кез келген адамға реанимацияда болу психологиялық тұрғыдан қиын. Біз жақсы психолог та болуымыз керек, – дейді Рахатхан Камалова. – Медицинада еңбек етіп жатқаныма 9 жыл, жұмысым мені мүлде жалықтырған жоқ, өзіме, әріптестеріме, емделушілерге деген көзқарасым өзгерген жоқ.
– Медбике жұмысында дәрігермен толық түсіністік табу өте маңызды. Біз бір командамыз.
– Мен өз мамандығымды жақсы көремін әрі мақтан тұтамын.