Бүгін Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессорлары Р.Егембердиева және А.Дүйсенова дайындаған «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы

Бүгін Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессорлары Р.Егембердиева және А.Дүйсенова дайындаған «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ): этиологиясы, эпидемиологиясы, патогенезі, клиникасы, диагностикасы, емі, профилактикасы» деген тақырыпта арнайы дәріс өтті. Дәрісті кафедра ассистенттері Римма Байхожаева және Ләззат Умешова жүргізді.
КҚГҚ – Қырым-Конго қанды геморрагиялық қызбасының вирусы тудыратын, кене арқылы таралатын аса қауіпті ауру. Ол екі толқынды қызбамен, жалпы интоксикациямен, ауыр тромбогеморрагиялық синдроммен және өлімнің жоғары көрсеткіштерімен сипатталады. Қазақта бұл қызба «көкала» деген атпен белгілі және алғаш рет 1948 жылы тіркелген (ОҚО).
Бастапқы белгілері: температураның 39-40 градусқа дейін тез көтерілуі, бастың қатты ауруы, көздің, беттің, мойынның және дененің үстіңгі бөлігінің қызаруы, мойын және бел бұлшықеттерінің ауыруы, жүрек айну, құсу, диарея, содан кейін бөртпенің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен қан кету, жатырдан және асқазаннан қан кету, инъекция орындарында гематомалардың пайда болуы.
Аталған дәріске аурухананың медицина қызметкерлері қатысты. Соңында дәрігерлер сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алды.
Аталған тренингті ұйымдастырғаны үшін ҚазҰМУ кафедрасына алғысымызды білдіреміз.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда Түркістан облысында, одан кейін Қызылордада КҚГҚ ауруы расталған болатын.
Науқастардың көпшілігі клиникалық белгілердің болуына қарамастан медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген. Далада зиянкестерден қорғануыңызды және жануарлардан абай болуыңызды сұраймыз. Дәрігерге дер кезінде көрінуді әдетке айналдырыңыз.
Аман болыңыз!