Сәуірдің 15-і зертханалық диагностика қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
Бұл мамандардың жұмысы көзге онша көріне қоймайды, сондықтан пациенттердің көбі мұндай қызметкерлердің жұмысының қаншалықты маңызды екенін түсіне бермейді, дегенмен олар аурухана жұмысының маңызды бір бөлігі. Көзбен көріп анықтауға болмайтын нәрсені, адам ағзасындағы химиялық элементтер үрдісін, олардың өзара әрекеттесуін зертхана мамандары ғана анықтай алады. Мәселен, операцияға жіберетін кез келген хирург операцияны жоспарлау кезінде зертханалық деректерге негізделеді, егер талдау өзгерген көрсеткіштерді анықтаса, хирург операцияны кейінге қалдыруы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) статистикасына сәйкес, зертханалық зерттеу клиникалық шешім қабылдау үшін ақпараттың 80%-ын дерлік береді. Бұл зерттеулер емдеу әдісін бақылау кезінде, диагнозды анықтау мақсатында қолданылады.
Клиникалық диагностикалық зертхана (КДЗ) жұмысы Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (ҚЖШККА) қызметінің маңызды және қажетті бөлімдерінің бірі. КДЗ-де көптеген зерттеулер жүргізіледі. Зертхана медициналық мекеменің құрылымына кіретін барлық бөлімдер үшін, аурухана мамандарының барлық стандарттары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жұмыс істейді.
Тажиева Элеонора Әбжелқызы – ҚЖШККА КДЗ меңгерушісі.
Клиникалық зертханалық диагностика мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатқа ие.
Медицинадағы жалпы тәжірибесі – 27 жыл
– Бала кезімде медицинаны таңдайтынымды білдім. Республикалық медициналық колледжді бітіргеннен кейін ОҚКА операциялық бөлімінің медбикесі болып істедім. Түрлі операцияларға қатысып жүріп, университетте оқыдым. 2004 жылдан КДЗ дәрігері болып жұмыс істей бастадым. Маған қашанда бактериологиялық зерттеулер ұнады, микроскоппен микроорганизмдермен жұмыс істеу, науқастың қандай антибиотиктерге сезімтал екенін анықтау және т.т. қызық болды. Бұрын мұның бәрі қолмен жасалған, қазір анализаторлар бар, бұл да қызық, – дейді Элеонора Әбжелқызы.
– Біздің жұмыс күніміз таңертеңгі сағат 8-де жоспарлау жиналысынан басталады. Күніне қанша науқас түсті, қанша патологиялық зерттеу жүргізілді, диагнозға сәйкес келе ме деген сияқты мәселелр қарастырылады. Біз науқастарды көрмейміз, олармен сөйлеспейміз, тек зертханаға жеткізілген нәрсемен жұмыс істейміз.
– Мен өз қызметкерлеріме «біз сапалы нәтиже беруіміз керек және әр науқасқа өз туысымызға қарағандай қарауымыз керек, сонда зертхана жұмысы жоғары деңгейде жүреді және дәрігерлерге әрі қарай диагноз қою, емдеу тактикасын өзгерту үшін сенімді нәтиже береміз» деп айтып отырамын. Мен қашанда санға емес, сапаға жұмыс істеу керек екенін баса айтамын.
– Жас мамандарға көбірек білім алуға кеңес берер едім, зертхананың маңыздылығын түсінетіндер аз, бірақ шын мәнінде бұл емдеуге көмектесетін үлкен жұмыс. Сіз өз жұмысыңызды жақсы көруіңіз керек, сонда еңбегіңіз жемісті болады.
Элеонора Тажиева 4 дәрігер-лаборант, 10 фельдшер-лаборант және 1 кіші медицина қызметкеріне жетекшілік етеді. Зертхана тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қызмет көрсетеді.
ҚЖШККА КДЗ-де күніне түрлі 2000-ға дейін зерттеу жүргізіледі.
ҚЖШККА зертхана қызметкерлерінің жұмысы талдау нәтижелерінің дәлдігі мен жоғары сапасына негізделеді. Себебі науқасқа қойылатын диагноз осыған тікелей байланысты!
Құрметті әріптестер, сіздерді кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Нәтижелердің теңдессіз дәлдігіне жетуді, алға қойылған аналитикалық тапсырмаларды орындауды тілейміз!
Ізгі ниетпен, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы