Күн жылынса болды, кене атаулы қысқы ұйқыдан оянады.

Күн жылынса болды, кене атаулы қысқы ұйқыдан оянады.
Алматы айналасының аумағы кене энцефалитінің эндемиялық аймағына жатады. Бұл қала тұрғындары мен дәрігерлерін алаңдатпай қоймайды.
Кене белсенділігінің маусымы сәуір айынан қазан айына дейін, ал олардың белсенділігінің шыңы мамыр және маусым айларына келеді.
Эпидемиологиялық маусым және кене энцефалитінің эндемиялық аймағын ескере отырып, сәуірдің 19-ында Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында құтыруға қарсы белсенділік және кене энцефалиті бойынша семинар өтті.
Кене санының көбеюі және олардың тіпті ірі қалалардың саябақтарында пайда болуы олар тасымалдайтын ауруларға байланысты алаңдатпай қоймайды. Мұндай инфекциялардың ішінде кене энцефалиті, боррелиоз, риккетсиоз және т.т. бар. Кене энцефалиті – бұл тізімдегі ең ауыр ауру.
Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы вирустық ауру. Аурудың салдары мүгедектік, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Семинар барысында кене энцефалитінің этиологиясы, эпидемиологиясы, классификациясы, клиникалық көрінісі, зертханалық диагностикасы, терапиясы (кене энцефалитінің вирусына қарсы иммуноглобулинді енгізу), кене энцефалитінің спецификалық және спецификалық емес профилактикасы мәселелері талқыланды.
Семинарға қатысушылар кене энцефалитінен қорғауға арналған қолданыстағы вакцина препараттары, олардың тиімділігі мен қолдану үлгілері туралы ақпарат алды.
Кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинациялау екенін есте ұстаған жөн.
Екпе тек кене энцефалитіне ғана емес, басқа да кене инфекцияларына қарсы күшті профилактика болып табылады. Сондай-ақ, жеке қорғаныстың да мәні зор.
Кене энцефалитіне қарсы екпені тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханадан (немесе тіркелген жері бойынша) дәрігердің кеңесінен кейін ақысыз түрде алуға болады.
Есіңізде болсын, қауіпсіздік шараларын сақтау, табиғатқа шығу кезінде репелленттерді қолдану, кене сорылған жағдайда ерте медициналық көмекке жүгіну, уақтылы алдын алу және емдеу аурудың қолайлы нәтижесіне ықпал етеді.
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының травматологиялық пунктінде Алмалы ауданының ересек тұрғындарына кене энцефалитінің шұғыл серопрофилактикасы жүргізіледі.