Халықаралық нефрологиялық қоғам мен Бүйрек қорлары халықаралық федерациясының бастамасымен 2006 жылдан бастап, жыл сайын, наурыздың екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік бүйрек күні аталады. Бұл күннің мақсаты – халықты бүйрек ауруы туралы кеңінен хабардар ету, ауруларды ерте диагностикалау болып табылады. ДДСҰ деректері бойынша бүйрек ауруларымен ауыратын науқастар саны жер шарында өсіп келеді.
Адамның қос бүйрегі – қандағы барлық қажетсіз заттарды сүзіп, тазартатын ең қажетті мүше. Ал егер ағзада қандай да бір кәдеге асатын зиянсыз сұйықтықтар кездессе, бүйректегі талшықтар оларды сақтап қояды. Әлдеқандай жағдаймен адам суға шөліркеп, қиналған сәтте бүйрек әлгі сақтап қойған сұйықтықтарды шығарып, тіршілікті әрі қарай жалғастыруға себеп болады. Бүйректі ағзаның қамқоршысы дейтініміз де сондықтан. Өкінішке қарай, бүйректің дертіне ұшыраған жандар елімізде баршылық. Көпшілігі ауруын елемей жүріп, бүйрегі әбден істен шыққанда ғана дәрігерге қаралады екен.
Бүйрек дертін алғашқы сатысында емдеген жеңілірек екені сөзсіз. Ал сырқат асқынған жағдайда еңбекке жарамсыздыққа, тіпті, мүгедектікке дейін әкелуі мүмкін. Бүйрек аурулары жүрекке салмақ түсіріп, 30 пайызында инфаркт пен инсульттің себебі болады екен. Сондықтан жүрегі ауыратындар, қан қысымы бар жандар бүйрегін де тексертіп алғаны абзал.
Бүйректің ауруы бастапқы кезде білінбейді. Оның алғашқы белгілері: әлсіздік, ұйқысыздық, тамаққа тәбеттің болмауы. Бұған ешкім мән бере бермейді. Аурудың асқынып кететіні де содан.
Бүйрек ауруының дамуына қарсы бірнеше қарапайым тәсіл бар:
1. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Дене шынықтырумен айналысыңыз. Дене шынықтыру бүйрек ауруларының қаупін азайтады.
2. Қандағы қант деңгейін қадағалаңыз. Қант диабетімен ауыратын адамдардың тең жартысында бүйректің созылмалы ауруы пайда болады, сондықтан мұндай науқастарға жылына бір рет бүйректі тексерту қажет.
3. Қан қысымын бақылаңыз. Гипертензия бүйректі зақымдайтын себептердің бірі.
4. Дене салмағына мән беріңіз. Тұзды пайдалану мөлшерін күніне 5-6 грамға дейін азайтыңыз (бір ас қасық шамасында).
5. Күніне 1,5-2 л су ішіңіз. Суды шырындармен немесе газды сусындармен алмастырмаңыз. Суды жеткілікті мөлшерде тұтыну бүйрек ауруының дамуын тежейді.
6. Шылым шекпеңіз. Никотин – бүйректегі қанды қоюлатып, қан айналым қызметін баяулатады. Бүйректің қатерлі ісікке шалдығу қаупін арттырады.
7. Дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқауынсыз қабылдамаңыз. Кейбір дәрілердің нефротоксикалық әсері бар.
8. Егер сізде – қант диабеті, гипертензия, артық салмақ болса немесе отбасы мүшелеріңіздің біреуі бүйрек сырқатымен ауыратын болса, онда бүйректі тұрақты түрде тексертіп тұрыңыз.
Өзіңізді, бүйрегіңізді күтіңіз. Сау болыңыз!
Құрметпен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы