Наурыздың 13-і – Дүниежүзілік эндометриоз туралы ақпараттандыру күні

Наурыздың 13-і – Дүниежүзілік эндометриоз туралы ақпараттандыру күні

Эндометриоз – бүкіл әлем бойынша шамамен 176 млн әйел ауыратын гинекологиялық ауру.
Бұл күннің мақсаты – халықты осы ауру, оның диагностикасы және емі туралы ақпараттандыру.

Эндометриоз туралы толығырақ ҚЖШККА гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Рустам Фархатұлы баяндайды.

– Эндометриозды анықтау қиын. Егер жыныстық қатынас кезінде немесе етеккірдің алғашқы күнінде қатты ауырсыну болса, белде немесе тік ішек аумағында ауырсыну болса, бұл эндометриоздың салдарынан болуы мүмкін. Дегенмен мұндай ауырсынулардың себебі көптеген ауруға тән. Сондықтан аурудың белгілеріне қарап, еш тексерілусіз тура қандай ауру екенін дөп басып айту мүмкін емес. Сол себепті тұрақты түрде алты ай сайын гинекологтың тексеруінен өтіп тұру керек.

Оның үстіне аталған гинекологиялық патология, дәрігерлердің айтуынша, жыл өткен сайын жасарып келеді.
Эндометриозды емдеудің дәрі-дәрмекпен және хирургиялық ота арқылы емдеу әдісі бар. Дәрі-дәрмекпен емдеуді өз бетіңізше қолдануға болмайтынын тағы бір ескертеміз.

– Эндометриоздың алдын алудың басты шарты, басқа аурулардың алдын алу сияқты, салауатты өмір салтын ұстану. Жатыр – қанды айдайтын бұлшықет. Ол жүрек және бүкіл дене сияқты дұрыс жұмыс істесе, зат алмасу, оттегімен қамтамасыз ету де қалыпқа келеді. Стрестен барынша сақтану, дұрыс тамақтану және ұйқы, спортпен шұғылдану – осының бәрі өте маңызды. Ең болмағанда, көбірек жаяу жүру керек. Мәселен, егер сіз үшінші қабатта тұрсаңыз, мүмкіндігіңізше, жеделсатымен жүргеннен гөрі, жаяу көтеріліп-түскен дұрыс.

Заманауи медицина мамандарының зерттеулеріне сәйкес, көп жағдайда бала тууға байланысты проблемалардың туындауына уақтылы анықталмаған эндометриоз себепші. Сондай-ақ, бұл ауру асқынған жағдайда, толық бедеулікке әкелуі де мүмкін.

Сондықтан жыл сайын наурыздың 13-інде барша әйел атаулыны уақытында медициналық мамандарға, соның ішінде гинекологқа қаралуға шақырады. Диагноз неғұрлым ерте қойылған жағдайда, ауруды емдеу соғұрлым жеңіл болатынын ұмытпаңыз.

Сау болыңыз, Өзіңізді күтіңіз!