Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз Орынбаева Нұргүл Баудынбайқызы

Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз
Орынбаева Нұргүл Баудынбайқызы
Бірінші санатты медбике
Нейроинсульт бөлімшесінің аға медбикесі
Еңбек өтілі – 33 жыл
– 5 жасымнан ақ халатты киіп, медицина қызметкері боламын деп армандағанмын. Отбасылық жағдайға байланысты дәрігерлік оқуды оқи алмадым. Бірақ Талғар медициналық училищесін тәмамдадым. Алланың қалауымен осы мамандығым бойынша қызметімді абыройлы атқарып келемін, – дейді Нұргүл Баудынбайқызы.
Нұргүл Орынбаева еңбек жолын 1988 жылы Шелек ауданы жедел жәрдем бөлімінде бастады. 1995 жылдан Алматыдағы №1 қалалық аурухана терапия бөлімшесінде істеді. Кейін Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында қызмет етті. Жан сақтау бөлімінде, жара таңу кабинетінде істеді, жауапты анестезист болды, қан тазалау бөлімінде, нефрологияда, эндокринология, терапия бөлімшелерінде аға медбике болды.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 2020 жылдан бастап істейді. Басында жұқпалы аурулар бөлімшесінде аға медбике болса, қазіргі таңда нейроинсульт бөлімшесінің аға медбикесі.
«Ауыр халдегі науқастың қиналғанын көргенде, оны қорғағың келеді. Сауығып кеткенше, қамқор болғың келеді. Мен үшін науқастардың ең басты алғысы – олардың аман-сау болуы. Ауруханадан шыққан сәтте науқастың көзінен ем-шараға көңілі толғанын көру – басты мақсат», – деп баса айтады Нұргүл Баудынбайқызы.