Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің мейіргері

Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің мейіргері – Қайрат Али Қайратулы, 1 қыз, 1 ұлдың әкесі, жасы 29-да.
ЖШККА-да 2013 жылдан істейді. Жалпы еңбек өтілі – 9,5 жыл.
«Былтыр әлемді коронавирус індеті жайлаған кезде, жұмыс істеп жүріп, тамыз айында өзім де коронавируспен қатты ауырып шықтым. Үйде отбасым да ауырды. Қиын болды. Бір ай емделдім, кейін қайта жұмысқа шықтым. Ол кезде бұл дертке қарсы екпені алу арман болатын.
Сақтансаң, сақтаймын деген. Өз өмірім өзіме керек. Оның үстіне қызметім сондай –науқастармен үнемі байланыстамын. Сол себепті бүкіл ұжым болып бірауыздан «Спутник V» салдырдық.
Әрі ата-анам, туған-туыстарға ауру жұқтыратын вирус тасымалдаушысы болғым келмеді. Олармен де қарым-қатынаста болғандықтан, олардың да қауіпсіздігін ойлауым керек. Үйде екпені інім екеуміз де салдырдық. Әлеуметтік жауапкершілік деген осы ғой.
Вакцинаның алғашқы дозасынан кейін үсті-басым, бүкіл денем, бұлшықеттерім ауырды. Сонда да ертесіне әдеттегідей жұмысқа шығып, міндеттерімді орындадым. Ал екінші дозасынан кейін ешқандай реакция болмады, шүкір.
Вакцинаға сенбейтін жандар әлі де көпшілік, бірақ былтырдан бері бұл ауруға шалдыққан талай науқасты көрдік. Өзіміз де ауырып шықтық. Енді екінші рет ауырғым келмейді. Бұл инфекцияны жұқтырудың жанама әсерлері мен аурудың салдары қандай болатынын да көрдік. Алдыңғы қатарда тәж індетімен әлі де күресіп келеміз. Індетті жеңуге тек жаппай вакцинация ғана мүмкіндік бере алады деп ойлаймын», – дейді Али Қайратулы.