Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз

Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз
Тельбаева Рашида Төлеуқызы
Хирургия бөлімшесінің шаруа медбикесі
COVID-19 індеті кезінде жанқиярлық ерлік пен қайырымдылық көрсеткені үшін айрықша төсбелгімен марапатталған
– Негізі мамандығым – құрылысшы. Красноярск өлкесі Назарово қаласының құрылыс техникумын бітірдім. Мамандығым бойынша біраз жұмыс істедім. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жөндеуден кейін ашылған жылы, 2011-де, ас таратушы болып ауруханаға жұмысқа тұрғам. 4 жылдан кейін шаруа-медбикесі қызметін атқара бастадым. Ауруханада жұмыс істеген маған өте ұнайды. Жұмысқа орналасқанда ең бірінші маған ұнағаны, ол осындағы ұжым. Әлі де сол қалпы ұйымшылмыз, – деді Рашида Төлеуқызы.
– Ең алдымен әр адам өзінің көңілінен шығатын іспен айналысқанды қалайды. Мен үшін бөлімшеміздің тазалығы ауадай қажет. Себебі бөлімше мен үшін екінші үйім іспеттес.
– Оның үстіне жалпы хирургиялық және инфекциялық бөлімше болғандықтан, бізде отаға дейінгі, отадан кейінгі науқастар, ампутация жасалған науқастар көп болады. Оларға жақсы күтім керек. Ал тазалық – денсаулық кепілі.
– Күнделікті бөлімше меңгерушісінің тексеріп шығуына дейін кіші медбикелермен тазалықты тексеріп, бәрін дайындаймыз. Шаруа медбикесі болған соң кіші медбикелерге бар жағдай жасау менің міндетім. Қажетті заттармен уақтылы қамтамасыз етіп, жуғыш заттарды, дезерітінділерді дайындап, халаттарды, костюмдерді жуып-үтіктеп, арасында тігін машинасымен керекті заттарды тігіп, бөлімшенің жағдайын жасаймын. Әкімшілік-шаруашылық бөліммен: сантехник, медтехник, электрші, ағаш ұстасы, кір жуушы мамандармен үнемі тығыз жұмыс істеймін. Осылайша уақыттың қалай өтіп, жұмыс күнінің аяқталғанын байқамай да қаламын.
– Ендігі бар жоспарым – осы жерден зейнетке шықсам деймін, – деп ниетін білдіріп сөзін аяқтады Рашида Төлеуқызы.