Абай болыңыз, көктайғақ!

Абай болыңыз, көктайғақ!
Наурыздың 13-інен Алматыда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала көшелерінде көктайғақ орын алып отыр. Бұл өз кезегінде жол апаттарының ғана емес, аулаларда да зақым алғандар санын арттырды.
Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Ермек Желдібаевтың айтуынша, өткен тәулікте қабылдау бөліміне жарақат алған 50 адам түскен, оның 16-сының жарақаты көшедегі көктайғақ кесірінен болған.
Бүгін, түске дейін тағы 13 адам түсті, оның біреуінің жарақаты көшедегі көктайғақ салдарынан болды. Ол №1 травматология бөлімшесіне жатқызылды.
Мұның сыртында, соңғы тәулік ішінде жол апаты салдарынан зардап шеккен 9 адам ауруханаға жеткізілді.
Қала басшылығы автокөлік жүргізушілерінен мүмкіндігінше қалада жүруді шектеуді және өз көліктерін жолдардың жиегіне қоймауды, коммуналдық қызметтерге өз жұмыстарын тез және сапалы орындауына кедергі келтірмеуді сұрайды.
Егер жеке көлікпен жүрудің шұғыл қажеттілігі туындаса, жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, автокөлік арасындағы қашықтықты ұлғайтуға және апат қаупінің жоғарылауына байланысты кенеттен маневр жасамауға кеңес береді.
Жолда қажетті қауіпсіздік шараларын сақтау сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтайды!
Барынша байқап жүріңіз! Деніңіз сау болсын!