Жыл қорытындылары

Жыл қорытындылары

Желтоқсанның 29-ында Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының мәжіліс залында Жаңа 2022 жылға арналған салтанатты жиын өтті. Жиында бас дәрігер Джувашев Алмаз Болатұлы құттықтау сөз сөйледі.

– Біздің күшіміз – ұжымның бірлігі, кез келген уақытта, кез келген жағдайда қолдау көрсетуі. Бір жыл бойы біз пандемия режимінде, арнайы киімде жұмыс істедік, соңғы екі айдың ішінде дайындалып, аккредитациядан өттік. Бұл бүкіл ұжымның, әрбір меңгеруші, әрбір дәрігер, әрбір медбикенің еңбегі.
– Біз қаланың ең тығыз қоныстанған аудандарының біріне қызмет көрсетеміз. Ауруханамыз кеңейе берсін, жоспарларымыз көбейе берсін. Барлығына бірге жетеміз! – деп атап өтіп Алмаз Болатұлы марапаттау рәсіміне көшті.

Жыл соңында дәстүрлі түрде әлеуметтік желілердегі пациенттердің оң пікірлері бойынша үздік аурухана бөлімшелерінің рейтингі жасалды.

Рейтингте бірінші орынды Бекішев Бақтияр Мырзашұлы жетекшілік ететін хирургия бөлімшесі иеленді. Бөлімше өкілі, профессор Жанталинова Нұржамал Асенқызы құрмет грамотасы, 200 мың теңге сертификатымен және дәмді тортпен марапатталды.

Екінші орынды гинекология бөлімшесі иеленді. Ең жас бөлімше меңгерушісі Мақсұтов Рустам Фархатұлына құрмет грамотасы, тортпен бірге 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Үшінші орынды Аяғанова Лаззат Базарбекқызы басқаратын аурухананың инсульт орталығы иеленіп, құрмет грамотасы, торт пен 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Өткен жылы орталық бірінші орында болса, биыл аздап жеңіліп қалды. «Жыл сайын жеңе бермейміз ғой, – дейді Лаззат Базарбекқызы. – Басқалар да сыйлық алсын».

Бұдан басқа, келесі бөлімшелер атап өтілді:

Белсенді және адал еңбегі, көрсеткен кәсіби шеберлігі, елеулі қаржылық үлесі және дәрігерлік мамандыққа адалдығы үшін – травматология және ортопедия бөлімшесі, меңгерушісі Маханов Сағит Әбдіжәліұлына – 300 мың теңгелік сертификат;

Жанқиярлық еңбегі, жоғары кәсіпқойлығы үшін, ой-өрісі таза және берік болғаны үшін – анестезиология және реаниматология бөлімшесінің меңгерушісі Бердалина Гүлнар Садырбекқызына – 150 мың теңгелік сертификат;

Жоғары кәсіпқойлығы, елеулі сіңірген еңбегі және COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресуге қосқан үлесі үшін – жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Досжанова Шынар Нұрадинқызына – 100 мың теңгелік сертификат;

Науқастарға жедел медициналық көмек көрсетудің алдыңғы қатарында көрсеткен шыдамдылығы мен мінсіз жұмысы үшін – қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Омаров Бауыржан Болатұлына – 50 мың теңгелік сертификат;

Жаңа түскен науқастармен жұмыс істеудегі жоғары кәсібилігі, төзімділігі мен ұтқырлығы үшін – транзиттік бөлімше меңгерушісі Абитбеков Кемелбек Мейірбекұлына – 50 мың теңгелік сертификат;

Емхананы жарықпен, жылумен, сумен үздіксіз қамтамасыз еткені үшін – көзге көрінбейтін майдан жауынгерлері, әкімшілік-шаруашылық қызмет, жетекшісі Битанов Еркінбек Балтабайұлына – 50 мың теңгелік сертификат.

Сондай-ақ мемлекеттік наградалар – төсбелгілерге ие болған әріптестерді құттықтады:

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» – терапия бөлімшесінің меңгерушісі Мұхамбетова Райхан Өтепқызы;

«Денсаулық сақтау ісіне қосылған әлемі үшін» – сәулелі диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Әденова Гүлжан Молдабекқызы.