Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аурухана қызметкерлері туралы әңгімені жалғастырамыз
Нуспекова Динара Төлендіқызы – медицина ғылымдарының магистрі, жоғары санатты дәрігер, PhD кандидаты, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының колопроктология және интервенциялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі.
Еңбек өтілі – 18 жыл
Динара Төлендіқызы бірінші курстан бастап хирург боламын деп шешкен. 3-курста стационарда кезекшілікте жүргенде проктологтардың жұмысын көрді, бұл оның әрі қарай мамандық таңдауына әсер етті.
– Жалпы хирургияда әйелдер аз. Әсіресе проктологияда. Мен өзім үшін ғана айта аламын: бұл жол оңай емес және көп уақытты, күш пен шыдамдылықты қажет етеді. Ауыр таңдау, әйел үшін екі есе қиын. Өйткені жұмыстан басқа – үй-іші, отбасы бар дегендей. Бәрін бірге алып жүру үшін барыңызды саласыз. Менің қолымнан келді, бірақ бұның қандай қиындықпен келгенін мен ғана білемін, – дейді Динара Нуспекова.
– Ал пациенттер туралы айтатын болсақ, статистикаға сүйенсек, аса айырмашылық жоқ. Алғашқы проктологиялық аурудың белгілері пайда болғанда-ақ дәрігерге көрінбеу тенденциясы ерлер үшін де, әйелдер үшін де бірдей мәселе. Бірақ жеке маған әйелдер көбірек жүгінеді, олар көбіне әйел дәрігерді ұзақ уақыт іздейді. Осыған байланысты көпшілігі күрделі жағдаймен келеді. Көбіне пациенттер ақпаратты бір-біріне айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп, дәрігерді ұсыну арқылы келіп жатады.
Дәрігерлерден: «Ұялмаңыз!», «Дәрігерлердің жынысы жоқ» дегенді қаншалықты жиі естідіңіз? Дұрыс, дәрігерлер үшін «ұят ауру» жоқ. Онда неліктен адамдар проктологтардан «қорқады»?
– Ең алдымен бұл психологиялық жайт бар. Интимдік сала ауруы. Адамдар ұялады. Кейде олар бізге көріну үшін ұзақ уақыт өз «батылдығын» жұдырығына жинайды, көп алаңдайды, – дейді Динара Төлендіқызы. – Ең бастысы – қорқыныш пен ұятты жеңу. Қарапайым тілмен айтқанда, тік ішек ас қорыту жолының бөлігі. Бізді, дәрігерлерді, ол тек ағза мүшесі ретінде және оның қызметі немесе дисфункциясы қызықтырады, біз
патологияның жалпы ағзаның жұмысындағы рөлі мен әсерін қарастырамыз. Мұнда ұялатын еш нәрсе жоқ.
Құрметті пациенттер, қандай да бір шағымдар туындаған жағдайда, дәрігерге көрінуден қорықпаңыз және халықтық әдістермен өздігінен емделмеңіз. Науқас неғұрлым ертерек дәрігерге көрінсе, соғұрлым оны емдеу консервативті болады. Сонда аурудың асқынуы да орын алмайды, аурудың ауыр ағымы да орын алмайды.
– Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді келе жатқан кәсіби мереке – Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Істеп жатқан ісіміз табысты да сәтті болсын! Пациенттердің алғысына бөленейік