Манасбекова Ақерке Мұқанқызы

Манасбекова Ақерке Мұқанқызы
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің терапевт дәрігері
– Кішкентай кезімде медицина маған қызық болатын. Атам тибет медицинасы, халық медицинасымен айналысқан. Сол кезде өскенде дәрігер боламын, атам мен апамды емдеймін деп айтатынмын. Кейін есейгесін өнер жолын таңдағым келді. Мектепті бітіргеннен кейін ата-анам құжатты С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне тапсыртқызды, осылайша
2009 жылы жалпы медицина факультетіне грантқа түстім. Бірінші семестр мен үшін өте қиын болды, оқығым келмеді, өнер жолын таңдаймын деп әлі де үміт еттім. Сондықтан медицинада оқу ауыр соққан. Дегенмен екінші семестрден бастап, медицинаға деген қызығушылық туындап, оқу оқыған сайын арта түсті.
2017 жылы университетті жақсы тәмамдап, диплом алғанда, медицинаны таңдағаныма өте қатты қуандым.
Бітіргеннен кейін жеке клиникаға терапевт дәрігер ретінде жұмысқа тұрдым. Қосымша жедел шұғыл жәрдем станциясына жұмыска кірдім.
– Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 2018 жылдан бастап еңбек етіп келемін.
– Дәрігер болу үшін ең бастысы – науқастың ауруын ғана түсініп емдемей, жанын да түсіну керек екенін естен шығармаған жөн. Әрине дәрігер маман болу үшін ұқыптылық, сенімділік, біліктілік, шұғыл іс-әрекет етіп науқасқа дұрыс та, әсерлі ем көрсете білу керек. Әр науқасқа жеке көңіл бөліп, науқастың емделіп, жазылып сәтті түрде ауруханадан шыққаны – ең басты нәрсе деп білемін.
– Жұмыс ерекшелігіне келсек, біздің ауруханада өте жылдам, клиникалық түрде ойшыл, физикалық және моральды жұмыс істеуге дайын болу керек.
Жұмысым науқасқа шұғыл көмек көрсетумен басталып, әр науқастың көмек, ем алып үйіне қайтуымен аяқталады.
– Терапевт дәрігер болғаннан кейін көбінде жүрек қан-тамыр аурулары, ішкі органдардың аурулары, артериялық қан қысымы, қант диабеті, бауыр циррозы, созылмалы қан ауруларымен науқастар көп түседі.
Шыны керек, мамандығымды таңдағаныма өкінген сәттер болған: екі жұмыста істеп жүріп, бір ауысымнан шығып, екінші ауысымға барған кездер – физикалық, моральдық түрде қатты шаршаған кездер болған. Меніңше, мұндай қатты шаршаған сәттер барлық пендеде болған.
Бірақ ол өкініш уақытша ғана, әрі өте қысқа болатын.
Шын мәнінде, дәрігер болып жұмыс істегеніме, науқастарға көмек көрсеткеніме өкінген емеспін.
Ата-анама медицинаға бағыт бергені үшін дән ризамын, халық денсаулығына үлесімді қосып жатқаныма өзіме қанағатпын.
– Кішкентай кезімнен экстремалды жарыстар мен ойындарға құмармын. Бос уақытымда баламмен серуендеу, ән айту және де мотоциклмен жүргенді, қыста сноубордты, тауға шыққанды ұнатамын.