Бүгін Алматыда Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды.

Мемориал қала әкімдігі ғимаратының жанындағы саябақта, Сәтбаев көшесінің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Мемориалдың ашылу рәсіміне президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы әкімі Ерболат Досаев қатысты.
«Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әр түрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді: ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.
Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.