«Аурухана қызметкерлерімен таныс болыңыз» айдарын жалғастырамыз

«Аурухана қызметкерлерімен таныс болыңыз» айдарын жалғастырамыз
Мамырбекова Нұргүл Ахановна
Хирургия бөлімінің медбикесі
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 25 жылдан астам жұмыс істейді.
– Кішкентай кезімнен укол салғанды, дәрі егуді ұнататынмын. Ауруханамызға алғашқыда 1997 жылы кіші медбике ретінде жұмысқа тұрдым. Оқып жүріп, жұмыс істедім. 2002 жылы оқуымды бітіріп, осы аурухананың жұкпалы аурулар бөлімшесінде медбике болып жұмысымды жалғастырдым.
– Медицинаға келген соң қиын кездері болады, оған төзе білу керек деп ойлаймын. Қуантатын жерлері де жоқ емес. Науқастармен қарым-қатынас жасаған кезде өзімізді байсалды ұстауға тырысамыз. Олармен жақсы байланыста боламыз. Емделушілердің көңілін аулауды, ренжітпеуді басты назарда ұстаймыз. Себебі денсаулығы мазалап, түрлі дертпен дәрігердің алдына келетін адамдарға жылы қабақ танытып, жақсы сөз айтудың өзі зор ғанибет. Сауыққаннан кейін олар алғыстарын жаудырып жатады.
– Жалпы медбикенің түп мағынасы – мейірім болғандықтан, маманның бойында бауырмалдық, мейірім, кәсіпке адалдық пен жанашырлық қасиеттері болуы керек. Науқастың толық жазылып кетуі медбикенің жұмысына, күтіміне тікелей байланысты. Медбике мен дәрігерді бөліп қарау мүмкін емес. Олар бірге жұмыс істеу арқылы ғана емдеу ісінде нәтижеге қол жеткізеді.
– Бос уақытымды барынша отбасыммен өткізуге тырысамын.
– Осы жазда, тамыздың 7-сінде тұрып жатқан үйіміз өртеніп, қиын жағдайға душар болдық. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барынша қолдау көрсеткен әріптестеріме, аурухана әкімшілігіне, материалдық көмек көрсеткен кәсіподаққа шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Аман болайық бәріміз!
Биылғы жылы өртке қатысты күрделі жағдай біздің аурухана қызметкерлерін де айналып өтпеді. Өкінішке қарай, аталған жайт бірлі-жарым жағдай болмады. Осыдан бірнеше ай бұрын тағы бір қызметкердің үйі өртенген еді. Кәсіподақ өрттен зардап шеккен қызметкерлерге материалдық көмек көрсетті. Айта кетерлік жайт, аурухана әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің игі істерінде қолдау көрсетіп қана қоймай, қиын өмірлік жағдайға тап болған кезде көмек көрсетіп отырады.
БСНП, Хирургическое отделение