Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз Аяганова Лаззат Базарбековна

Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз
Аяганова Лаззат Базарбековна
Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы нейроинсульт орталығының меңгерушісі
Жоғары санатты невропатолог
– «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі (2011)
– «Жоғары біліктілігі, мінсіз іскерлік беделі, тапсырмаларды орындаудағы бастамашылдығы мен тиімділігі, кәсіпорын құндылықтарын ұстанғаны үшін» (NBR, 2016) медалімен марапатталған
Лаззат Аяганова еңбек жолын 1996 жылы Ташкент медициналық академиясын жалпы медицина мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Навои облыстық жедел жәрдем ауруханасында дәрігер-невролог болып бастады.
Алматыға көшіп келгеннен кейін №7 Қалалық клиникалық аурухананың екінші нейро-инсульт орталығында невропатолог болып жұмыс істеді.
2015 жылдың шілдесінен бастап, Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы нейроинсульт орталығының меңгерушісі болып жұмыс істейді.
Лаззат Базарбековна аурухананың қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысады. «Инсульт мәселелері және оның алдын-алу» тақырыбында «Дауа», «Айтуға оңай» және «Қыз жолдас» тв-бағдарламаларына қатысқан. Салауатты өмір салтын ұстанады, «Алматы марафонының» қатысушысы (2014-2017).
– Тәулігіне біздің орталыққа инсульт күдігімен 7-10 адам түседі, – дейді Лаззат Аяганова. – Ал барлығы түрлі кризбен 20-ға дейін науқас түседі. Біздің негізгі бағыт өткінші ишемиялық шабуылдар (инсульт алдындағы жағдай) және инсульттің өзімен байланысты (кенеттен естен тану және сал ауруына әкелетін ми қан айналымының күрт бұзылуы).
– Инсульттің алғашқы белгілерін көргенде – сөйлеудің бұзылуы, бет асимметриясы, аяқ-қолдағы әлсіздік, тез арада жедел жәрдем шақырыңыз. Жедел жәрдем келгенге дейін пациенттің мазасын алмаған абзал, тек басын отыз градусқа жоғары көтеріп, киімдерін босатыңыз, терезені ашыңыз, қысымды өлшеуге болады. Біздің медицинаның мақсаты қазір пациентті инсульт орталығына тезірек жеткізу, өйткені қан ұйығын жоятын өте жақсы және қымбат дәрілер бар. Уақтылы көмек көрсеткенде, инсультты тоқтатуға болады. Өкінішке қарай, көбіне адамдар ауруын асқындырып алады, уақытты ысырап етеді, үйде шыдап жүреді.
– Әр адам өз денсаулығы үшін жауапты! Ең болмағанда, емханаларда медициналық тексеруден өтіп тұру керек. Қарапайым талдамалардың өзі қандай-да бір патологияның бар екенін анықтай алады. Инсульт, ең алдымен, аурудың асқынуы, ол кенеттен пайда болмайды, тек ұзаққа созылған немесе созылмалы аурулардан кейін болады. Қазір науқастарда аневризманы байқаймыз – бұл ми тамырларының патологиясы, симптомсыз пайда болады – туа біткен немесе жүре пайда болуы мүмкін. Оны көп нәрсе қоздыруы мүмкін – стресс, ауа-райының өзгеруі, жарақат. Бұл өте ауыр ауру. Әрине, жаман әдеттерден арылу керек, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтануды ұстану керек, әйтпесе мұның бәрі қан тамырларының бұзылуына әкеп соқтырады.
Нейроинсульт орталығы дәрігерлерінің басты мақсаты – инсульттан кейінгі науқастарға қалпына келуге көмектесу.
Уақтылы диагностика және мамандандырылған көмек көрсету үшін нейроинсульт орталығы нейрохирургия бөлімімен және тәулік бойы жұмыс істейтін компьютерлік томография кабинетімен бір қабатта орналасқан. Церебральды қан айналымының жедел бұзылуы бар науқастарды қабылдаған кезде пациенттер КТ, МРТ бөлмесіне тікелей жеткізіледі (пандемия кезін ескере отырып, барлық науқастар КТ-дан өтеді). Мұнда мамандардың командалық емдеу әдісі біріктірілген: науқасты невропатолог, терапевт, кардиолог, нейрохирург және сәулелік диагностика дәрігері тексереді.
Нейроинсульт орталығында инсульт мектебі де бар. Онда науқастарды ерте оңалту бойынша сабақтар жүргізіледі.