Аурухана қызметкерлерімен таныс болыңыз
Сыздықова Күлімқас Серікқалиқызы – терапия бөлімшесінің аға медбикесі
Жоғары санатты медбике
Жалпы еңбек өтілі – 29 жыл
ҚЖШККА-да 2015 жылдан бері жұмыс істейді.
Күлімқас Серікқалиқызы өз ісінің кәсіби маманы, төрт баланың анасы.
№7 қалалық клиникалық ауруханасында іріңді хирургия бөлімінде аға медбике болған, әскери бөлімде істеген, сонымен қатар токсикология бөлімшесінде де қызмет еткен. Бір емес бірнеше рет басшылықтың мақтау қағаздары мен алғыстарына ие болды, әскери бөлімдегі адал еңбегі үшін орден де алған.
– Аға медбике орта және кіші құрамның жұмысын қадағалайды, құжаттама жүргізеді, жабдықтың жұмысқа жарамдылығына жауап береді, шығын материалдары мен дәрі-дәрмектерді алуға өтінімдер жасайды, оларды қабылдайды, – дейді Күлімқас Серікқалиқызы. – Аға медбике бөлімшенің бүкіл жүйесін сағат сияқты жұмыс істеуін қадағалайды десем артық болмас. Менің қоластымда 22 орта және кіші медициналық персонал жұмыс істейді, менің міндеттеріме жұмыс кестесін бөлу, санитарлық режимді бақылау да кіреді. Сонымен қатар, мен үнемі байланыста болуым керек. Кез келген уақытта кезекші дәрігерде сұрақтар туындауы мүмкін. Медбике ауырып қалса, кезекшілік кестесін қайта құру керек. Және тағысын тағылар.
Менің медбикелерімнің жұмысы – науқастарды қабылдау, олардың емін іске асыру, науқастарды күту, олардың барлық анализдерін бақылау, операцияға дайындау.
Бүгінгі күні біз транзиттік бөлімше болғандықтан ауруханаға түсетін науқастардың барлығы біздің бөлімше арқылы өтеді.
Мамандығымның арқасында мен бәрінен бұрын өзімнің және жақындарымның денсаулығын, өмірдің әрбір күнін бағалауды үйрендім.
Жақсы медбике болу үшін бойыңызда жігер, сезімталдық, басқаларға жанашырлық, көпшілдік, жауапкершілік пен еңбексүйгіштік, кей жағдайда табандылық, күшті ерік-жігер сияқты қасиеттер болуы керек деп есептеймін.