Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні

Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні

Бұл күні 1948 жылы ДДСҰ құрылды және 1950 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық күні атап өтіледі.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Себебі, «бірінші байлық – денсаулық» дейді дана халқымыз.
2021 жылы Дүниежүзілік денсаулық күнінің тақырыбы – «Сау әрі әділ әлемді құрайық».
Сондай-ақ, 2021 жыл медициналық және әлеуметтік қызметкер жылы болып жарияланды. Осы шешіммен ДДСҰ COVID-19 пандемиясына қарсы күресте олардың еңбегіне құрмет көрсетуге шақырады.

Пандемия жағдайында денсаулық сақтау дегенде көбіне дәрігер, медбике, акушер, санитар, фармацевт, физиотерапевт сияқты мамандарды айтылады. Шын мәнінде, бұл тізім әлдеқайда кең – біз психикалық денсаулықты қорғау туралы, психотерапевт, психолог, психиатрлар туралы ұмытпауымыз керек. Рентгенолог, лаборант және басқа да мамандар бұл күресте маңызды үлес қосады.

Әлемде коронавирус пандемиясы орын алғанда, денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін түсінбейтін жан жоқ. Денсаулық – кез келген адам үшін ең басты құндылық.

Індеттің таралуын толық тежеу үшін азаматтардың өзіне және өзгеге қатысты жауапкершілігін жете түсінуі шарт.

Қазіргі кезде барша халық төмендегі қарапайым нұсқаулықты барынша ұстанғаны жөн:
• Қолды жиі сабындап жуу немесе антисептикпен сүрту керек;
• Басқа адамдармен болсаңыз, бетперде тағуды ұмытпаңыз;
• Қоғамдық жерлерде басқалардан кемі бір метр ара қашықты сақтау керек. Жөтеліп не түшкіріп тұрған науқастан вирус өте кішкентай тамшылар арқылы тарайды;
• Көз, мұрын мен ауызды ұстамаған жөн;
• Қол алысудан бас тарту қажет;
• Түшкірген не жөтелген кезде ауыз бен мұрынды шынтақты бүгіп не қағазбен жабу керек. Кейін қолды антисептикпен тазалап, қолданылған қағазды қоқыс жәшігіне тастаған абзал;
• Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйде қалыңыз;
• Егер сізде температура, жөтел немесе ентігу болса, медициналық көмекке жүгініңіз;
• Сіз неғұрлым тезірек көмекке жүгінсеңіз, соғұрлым тезірек сәйкес дәрігерге жіберілесіз. Бұл өзіңізді қорғап, вирустар мен басқа инфекциялардың таралуына жол бермейді;
• Соңында, тағы бір маңызды нәрсе – өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз!

Деніңіз сау болсын! Ауырмаңыз!