Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 18-24 қараша аралығында антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы басталды.
ДДСҰ деректеріне сүйенсек, қазір бүкіл әлемді антибиотиктерге деген төзімділік қаупі алаңдатып отыр. Дәрі-дәрмектерді шектен тыс көп қолдану, дұрыс пайдаланбау салдарынан антибиотиктерге деген жоғары деңгейдегі төзімділік күш алып барады, инфекциялық аурулардың алдын алу, олармен күрес шаралары тым әлсіз.
Бүкіләлемдік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы дәрі-дәрмектерді сауатты қабылдау, антибиотиктерді дәрігердің тағайындауымен ғана қолдану, ағзаның антибиотиктерге төзімділігінің күшеюі секілді мәселелерге қоғамның, адамдардың назарын аудару мақсатында өткізіліп отыр.
Ағзадағы микробтарды жойып, кейбір қатерлі ісіктердің дамуын тежейтін антибиотиктер туралы ғылым 1929 жылы пайда болды. Содан бері бұл дәрі-дәрмектер адам организмін түрлі дерттерден қорғап, өмірінің ұзақ болуына бірден-бір септігін тигізіп келе жатыр. Дегенмен, бүгінде ауырған уақытта дәрігерге қаралмай, өз бетінше ем жүргізетіндер қатары да артып келеді. Диагнозы анықталмай жатып, өз бетінше антибиотиктерді қабылдап, ауруды асқыныдырып алғандар күн санап өсіп жатыр.
Антибиотиктерді ретсіз қабылдау – денсаулыққа қауіпті. Дұрыс қолданбаған дәріге ағзада төзімділік пайда болып, инфекциялармен күрес қиындайды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек ауырған кезде адам ағзасының бір бөлігін емдеп жазса, екіншісіне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Антибиотиктер іштегі зиянды және ағзаға қажетті микроорганизмдерді қатар жояды. Ал белгілі бір препараттарды жиі пайдалану нәтижесінде ағзада оған деген төзімділік пайда болып, келесі ауырғанда аталмыш дәрі еш көмектеспейді. Организм одан да күшті әсер ететін антибиотикті талап етеді. Ауруға ем болатын бұл дәрмек науқасқа келесі бір дертті қосып беруі де бек мүмкін.
Антибиотикке төзімділік проблемасы covid-19 пандемиясы кезеңінде ерекше өзектілікке ие болды. Әлемде антибиотиктерді қолдану айтарлықтай артқан, өйткені, кей адамдар оларды коронавирустан қорғайды деп есептейді.
Есіңізде болсын:
– Антибиотиктерді тек дәрігер тағайындауы керек.
– Бірінші күннен бастап емдеу курсы бойы дәрі-дәрмектің оңтайлы дозасын қабылдау өте маңызды. Өз бетінше дозаны көбейтуге не кемітуге болмайды. Емдеу ұзақтығы сақталуы тиіс. Әдетте науқас екінші күннен аурудың белгілерін байқамай, дәріні ішуді тоқтатады. Міндетті түрде дәріні қабылдау мерзімінің соңына дейін қабылдау керек. Тағайындаудың “алтын стандарты” – кем дегенде 7-10 күн.
– Антибиотик тиімді әсер етуі үшін бүкіл кезең бойы әр күннің тұрақты концентрациясын сақтау керек. Барлық дозаны бірден қабылдауға немесе мүлдем қабылдамай қоюға болмайды. Қабылдау жиілігі мен уақыттың тұрақтылығы өте маңызды. Дәрі-дәрмектердің тамақпен өзара әрекеттесуін нақтылауды ұмытпаңыз. Дәрі-дәрмекті тамаққа дейін ішу керек пе, әлде тамақтан кейін ішу керек пе – мұны дәрігер айтуы тиіс.
– Өзіңізге көмектескен дәрі-дәрмекті жақындарыңызға ұсынуға болмайды. Себебі, бір адам қолданған антибиотик міндетті түрде басқа адамға жақсы әсер ететініне кепілдік жоқ.
– Препараттардың таблетка формасы инъекциялық формадан мүлдем кем емес екенін білуі керек. Науқаста жеңіл немесе орташа ауру болса, инъекция егуге болмайды. Олар тек ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған науқастар үшін қажет. Таблетка инъекцияға балама бола алады.
– Заманауи препараттар жеткілікті дәрежеде қабылдауға қауіпсіз. Алайда кез-келген дәрі-дәрмектің жанама әсерлері бар.
Инфекцияны жұқтырмау үшін салауатты өмір салтын ұстану керек: жиі қол жуу, тамақ дайындау кезінде тазалық сақтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, инфекция белгісі бар науқастармен тығыз қатынасқа түспеу, медициналық тексерістен өтіп тұру, өз уақытында екпе жасату.
Өзіңізді күтіңіз, деніңіз сау болсын!
Ізгі ниетпен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы