ЖШККА дәрігерлері көлемді қан кетумен түскен науқасты аман алып қалды

ЖШККА дәрігерлері көлемді қан кетумен түскен науқасты аман алып қалды
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына инфекциялық модульдік ауруханадан коронавирус диагнозы бойынша емделген, өкпесінің жалпы зақымдану көлемі 50-75% құраған, науқас іш аймағындағы қатты ауырсынуымен ауыр жағдайда шұғыл түрде жеткізілді.
Қабылдау бөлімінде жүргізілген тексеру нәтижесінде пациентке аналық без жылауығының жарылуы, ішкі қан кету, геморрагиялық ауыр анемия деген алдын-ала диагноз қойылды.
Науқас жедел хирургиялық араласуды қажет етті.
Пациент жағдайының ауырлығына және ковидті пневмонияға қарамастан, аурухана гинекологтары отаға дейінгі дайындықтан кейін оған жедел түрде ота жасауға кірісті. Науқастың жалпы қан жоғалту көлемі 3,5 литр болды.
Аурухана қызметкерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі, нақты және үйлесімді іс-қимылының арқасында шұғыл ота сәтті өтті.
Отадан кейінгі кезең де еш қиындықсыз өтті.
Аман қалған науқас жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының барлық қызметкерлеріне шын жүректен алғысын білдірді: «Алтын қолды дәрігерлердің жанқиярлық еңбегінің арқасында мен ота өткеннен кейін жансыздандыру мен ауырсынудың әсерін де сезбедім. Тез өз қалпыма келдім. Жанымды аман алып қалған барша ақ халатты абзал жанға зор ризашылығымды білдіремін. Осындай қиын жағдайда, арнайы костюмде, коронавирус індетіне шалдыққандарды емдеп қана қоймай, шұғыл оталарды өткізуге қашанда дайын медицина қызметкерлеріне тағзым етіп, бас иемін. Сіздердің арқаларыңызда мен аман қалдым».
Науқас стационарда 5 күн емделіп, жағдайы оңалғаннан кейін, амбулаторлық бақылауға ауруханадан үйге шығарылды.