МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қазақстанда жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерінің күнін атап өтеді. Мереке 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен белгіленді, бірақ дәрігерлерді құрметтеу дәстүрі Кеңес заманынан бері сақталып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында үздік қызметкерлерді салтанатты түрде құттықтады. Әріптестерді қолдап құттықтауға отандық медицина профессорлары мен академиктері келді. Аурухана қызметкерлерінің 95%-ына коронавирусқа қарсы вакцина егілгеніне қарамастан, марапаттау рәсіміне он адамнан топ-топ болып келіп, іс-шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті.
Ауруханада барлығы 223 дәрігер, 321 орта медицина, 232 кіші медицина маманы және 117 басқа қызметкер жұмыс істейді.
Мерекеге орай жетекші мамандарға арналған «Ең үздік» арнайы номинациясы тағайындалды. Оны медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнара Бердалина; жоғары санатты терапевт, күндізгі стационардың меңгерушісі Юрий Тихий; бас дәрігердің орынбасары, пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің меңгерушісі Бақытжан Абдикадыров; бас дәрігердің орынбасары, офтальмолог дәрігер Бағдад Алимбетов; бас дәрігердің орынбасары, инфекционист Бақыт Утағанов; дәрігер лаборант, клиникалық диагностикалық лабораторияның меңгерушісі Клара Садыкова; медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер травматолог, травматология бөлімшесінің меңгерушісі Владимир Семенов; жоғары санатты дәрігер, урология бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Амиров; медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бақтияр Бекішев; Қазақстан Республикасының бас токсикологы, токсикология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Тойбаева; инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Лаззат Аяғанова; терапевт Райхан Мұхамбетова; сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжан Аденова; оңалту терапевті, физиотерапия және физиопрофилактика бөлімшесінің меңгерушісі Виктор Чжен; дәрігер невропатолог, неврология бөлімшесінің меңгерушісі Бахтияр Бавдинов; невролог, невропатолог, №1 инфекциялық бөлімшесінің меңгерушісі Шынар Досжанова; бірінші санатты дәрігер травматолог-ортопед, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Сағит Маханов; жоғары санатты хирург, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Ермек Желдібаев; жоғары санатты эндоскопист, медицина ғылымдарының магистрі Сәбит Ысқақов; бірінші санатты нейрохирург, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Ли; гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Рустам Мақсұтов. Айтпақшы, Рустам Мақсұтов ауруханада ең жас бөлімше меңгерушісі, әрі ол өз тәжірибесінде он мың ота жасады, бұл клиниканың ең тәжірибелі дәрігерлеріне сай.
Номинациялардан басқа, үздік мамандар «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН», «ҚҰРМЕТ ОРДЕНІ» төсбелгілерімен, сондай-ақ «Оскар» шығармашылық статуэткаларымен марапатталды.
Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашевке аурухана ұжымы «Ең үздік басшы» хрусталь мүсіншесін сыйға тартты.
– Дәрігер – ең жақсы әрі құрметті мамандық, бұған өткен жылы орын алған жағдай дәлел, – деді Алмаз Джувашев өзінің құттықтау сөзінде. – Осымен екінші жыл, коронавирус індетімен күрестің алдыңғы қатарында оған төтеп бере алғанымыз – жалпы командалық жұмысымыздың нәтижесі. Өзгелерді құтқарып жатып, өзіміз туралы ұмытып кетіп те жатамыз. Бұл күресте біздің көптеген әріптесіміз өз өмірін құрбан етті. Біз оларды қашанда есте сақтаймыз және денсаулықтың шынайы құндылығын түсінеміз.
– Біздің аурухана – ең жақсы, тарихы мол аурухана. ЖШККА көптеген дәрігерлер қалыптасатын үлкен мектеп, – деп баса айтты бас дәрігердің орынбасары Магрипа Бапаева. – Бұл рух пен ұрпақтар сабақтастығының көптеген жылдар бойы сақталып келгені, ең біріншіден, әкімшілік және бүкіл ұжымның еңбегі. Қазір біз кішкене де болса, емін-еркін дем ала бастадық, өйткені қаладағы эпидемиологиялық ахуал жақсарды, қарапайым киім киюге болатын аймақтар ашылды, бірақ ендігіде біз өмір бойы маска, қалқан, қолғап киетін шығармыз. Біз әркімнің өз ісін жасай алатынына – травматолог пен хирургтың ота жасағанына, терапевтің патологияларды емдей алатынына қуаныштымыз. Бүгін біз бұл мерекенің басты кейіпкерлеріміз, өйткені біз коронавирусқа қарсы күресте өз парызымызды тік тұрып орындап шықтық. Жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істеуден бас тартқан әріптесіміз болмады.
Қазіргі уақытта ауруханаға күніне екі жүзге дейін адам түседі, оның 150-і ауруханаға жатқызылса, 70-80 науқасқа ота жасалады.
Дәрігерлер мен пациенттерге денсаулық тілейміз!