Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына өте ауыр жағдайда 54 жастағы әйел оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, жүрек айну, құсу, дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, тәбетінің төмендеуі, ауыздың құрғауы, жалпы әлсіздік шағымдарымен түсті.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына өте ауыр жағдайда 54 жастағы әйел оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, жүрек айну, құсу, дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, тәбетінің төмендеуі, ауыздың құрғауы, жалпы әлсіздік шағымдарымен түсті.
Науқастың айтуынша, оған бұған дейін жұқпалы аурулар ауруханасында «Орташа ауырлықтағы алиментарлы гастроэнтерит» диагнозы қойылған, амбулаторлық ем қабылдаған. Бірақ жағдайы жақсармай, динамикада ауру сезімі тоқтаған жоқ, қызба мазалаған. Амбулаториялық негізде контрастпен құрсақ қуысына жасалған КТ-да жарылу белгілері бар бауырдың оң жақ бөлігінің паразиттік кистасы (эхинококк?), гепатомегалия анықталған.
Осыған байланысты науқасты жедел жәрдем ҚЖШККА қабылдау бөліміне дереу жеткізіп, оны хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бақтияр Бекішев пен жауапты хирург Мұрат Ахметов бірлесіп тексерді.
Тексеру нәтижесінде науқасқа бауырдың оң жақ бөлігінде (S6, S7, S8) абсцесті көптеген көлемді кистозды түзілімдер, сепсис диагнозы қойылып, жедел түрде Бақтияр Бекішев бастаған оталық топ: хирург Дәурен Абдуалиев, анестезиолог Байдос Манапов ота жасады.
Лапаротомия. Тексеру. Бауырдың оң жақ бөлігінің абсцесін ашу және дренаждау. Құрсақ қуысына санация және дренаждау отасы барысында 1200 мл көлемінде қою ірің шығарылды.
Ота 2 сағат 20 минутқа созылды.
Отадан кейін науқас 3 күн анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде жатып, хирургия бөліміне ауыстырылды.
Емдеуші дәрігері: хирург Асқар Әлімжанов.
Анестезиолог, реаниматолог, хирург дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында науқас ауруханадан шығып, өзін жақсы сезінеді.
«Бір апта бойы қатты қиналып, ауырдым, жедел жәрдем инфекциялық ауруханаға апарды, онда маған ем жазып, үйде емделуге жіберді. Бірақ жеңілдеудің орнына, жағдайым ауырлай түсті, дене температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, оны дәрімен түсіргеннің өзінде, бұл қайталана берді. Өзім барып ақылы жасатқан КТ-да бауырдың абсцесі, перитонит кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін деген диагнозды анықтады, сөйтіп мені шұғыл түрде ауруханаға алып кетті. Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына, Бақтияр Мырзашұлына көп рахмет, маған ота жасап үлгерді. Қатты қорықтым, өмірмен қоштасуға дайын едім. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне, хирургия бөлімшелесінің медицина қызметкерлеріне, емдеуші дәрігерім Асқар Қасымханұлына мың алғыс. Мен аман қалдым! Ота дер кезінде жасалды. Екінші өмірім үшін ақ халатты абзал жандарға мың алғыс», – деді арнайы алғысын білдіруге келген Елена Мухортова.