ҚЖШККА дәрігерлері Швейцария азаматын ауырсыну синдромынан емдеді

ҚЖШККА дәрігерлері Швейцария азаматын ауырсыну синдромынан емдеді
1941 жылғы Фридрих Вильгельм Лагенбах көп жылдар бойы белінің ауырсынуына шағымданып келген. Үйде консервативті ем қабылдаған, бірақ нәтиже бермеген. Алматыға жұмыс бабымен келіп, мұнда шамалы физикалық күштемеден кейін ауырсыну күшейіп, қозғала алмай қалған.
Лагенбах мырза Германиядағы өзінің дәрігерімен байланысып, кеңес сұрайды. Ол оған лазерлік хирургияға м.ғ.д., профессор Виктор Крючковқа жүгінуге кеңес берді.
– Маған консультацияға келген пациент: «Сізді маған дәрігерім ұсынды», – деді. Және ол тек «лазерлік» отаны талап етті. Басқа варианттарды қарастырған да жоқ, – дейді Виктор Васильевич.
Виктор Крючков Мюнхенде Еуропада мұндай лазерлік отаны алғаш енгізген профессор Хеллингерден білім алған. Виктор Васильевич Қазақстанда бірінші болып 2005 жылы осындай ота жасаған. Содан бері алматылық дәрігерлер омыртқа аралық дискілерге 7 мыңнан астам лазерлік ота жасаған.
L2-L3 омыртқаларының грыжасы, бел омыртқасының остеохондрозы және белдік синдромы диагнозы қойылған Лагенбах мырзаға Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында (ҚЖШККА) нейрохирург мамандар Виктор Крючков пен Максим Аргумбаев ота жасады.
«Науқас ұзақ жылдар бойы екінші және үшінші омыртқалар арасындағы омыртқаның созылмалы ауруымен ауырды. Біз оған лазерлік нуклеотомия жасадық. Ота сәтті өтті, науқастың ауруы бірден басылды», – деді ҚЖШККА нейрохирург маманы.
Өз кезегінде пациент те дәрігерлерге шын жүректен алғысын білдірді.
Ауырсыну синдромын емдеудің бұл әдісі кіші инвазивті әдістердің бірі болғандықтан, науқас аурухананың ақылы бөлімінде 3 күн жатып, өз еліне оралуға дайын.