ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДБИКЕЛЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА
ауруханамыздың орта медициналық қызметкерлері туралы әңгімемізді жалғастырамыз.
Ашимова Нургуль Шаздановна –
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімшесінің медбикесі.
Еңбек өтілі – 15 жыл.
– Медицина өзімнің таңдауым әрі бұл мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін, – деп бастады әңгімесін Нургуль Ашимова.
Медбике еңбек жолын 2000 жылы ҚазҰМУ клиникасында емшара кабинетінде бастаған. 2011 жылы ҚЖШККА қабылдау бөліміне жұмысқа орналасты. Міне, осы қабылдау бөлімінде 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Емшара кабинеті, терапия, гинекология бөлімдерінде істеген. Қазіргі уақытта қабылдау бөлімшесінің травматология бөлімінде жұмыс істейді.
– Түрлі жарақат алған науқастарды қабылдап, бар қажетті көмек көрсетіп, тексерулерден өткіземін. Бізге травмалық шок, күйік, жол апатынан кейінгі пациенттер түсіп жатады. Ауыр халде түскендерді жансақтау бөліміне жіберемін. Медициналық тексеруден кейін дәрігердің тапсыруымен ауруханаға жатқызуға дайындаймын.
Пациенттің жағдайын бағалау, шұғыл медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекті енгізу және өмірлік маңызды белгілерді бақылау. Бұл жұмыстың бір шеті ғана шығар. Оның үстіне, пациент пен жақындарына психологиялық қолдау көрсете білу керек. Сондай-ақ, жарақаттанудан туындауы мүмкін шок белгілерін және басқа да асқынуларды тани білу керек.
Жұмыс, әрине, жеңіл емес, сондықтан бұл салада істейтіндер кездейсоқ адамдар емес, саналы таңдау жасағандар деп есептеймін, – деп түйіндеді медбике.