Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөліміне Шелек ауылынан келген ерлі-зайыптылар аяқтың ұюы, тершеңдік және жалпы әлсіздік деген шағымдармен өз бетінше жүгінді. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, түнде оларды қарақұрт тістеген. Оның үстіне күйеуінде 2-типті қант диабеті, ал әйелінде анемия диагнозы бар.
Науқастар тексеріліп, жағдайының ауырлығына байланысты анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылып, келесі күні терапия бөлімшесіне ауыстырылды.
Барлық детоксикация және симптоматикалық ем жүргізіліп, 5-күні жағдайының жақсаруына байланысты үйге шығарылды.
«Егер қарақұрт тістегеннен кейін науқастың ауру сезімі қатты болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқасты үйіне жіберуге болады. Бірақ мұндай науқастардың көпшілігі ауруханаға жатқызылады. Қарақұрттың шағуы әсіресе созылмалы аурулары бар науқастар үшін қауіпті. Мұндай адамдар дереу ауруханаға бару керек, себебі шаққаннан кейін ауыр зардаптар болуы мүмкін. Ауыр жағдайда науқастар жансақтау бөліміне жатқызылады», – дейді ҚЖШККА дәрігер-терапевті Қуанышбай Ғабит Сәбитұлы.
Маманның айтуынша, егер қарақұрт қол не аяқты шақса, онда аяқ-қолды мүмкіндігінше қозғалтпау керек. Науқасқа көп сұйықтық, жылы су немесе ыстық шай беру керек. Шағып алған кезде қатты ауырсыну пайда болады, ауырсынуды басу үшін кез келген ауырсынуды басатын дәрі ішуге болады. Бірақ сіз тістеген жерді кесіп, күйдіруге немесе аяқ-қолға бұрау салуп байлауға болмайды.
Қарақұрт тістегендегі негізгі белгілер:
– аяқ-қолдағы құрысу,
– безгек,
– терлеу,
– бастың ауруы,
– панкреатит пен ойық жараның өршуіне ұқсайтын іш қуысындағы жедел ауырсыну
– тыныс алудың бұзылуы
– жүрек жеткіліксіздігіне әкелетін аритмия
Айдың басынан бері ҚЖШККА-ға қарақұрт шаққан екі адам және жылан шаққан 1 адам жүгінген.
Мұндай шағулар кезінде токсикология бөліміне бару керек, онда детоксикация және симптоматикалық терапия жүргізіледі. Алматыда мұндай көмекті төрт ересек және бір балалар ауруханасы көрсетеді – №4 ҚКА, №7 ҚКА, ОҚКА, ҚЖШККА және БШМЖО.
Сақ болыңыздар!