75 жастағы ер адам оң жақ ішкі ұйқы артериясының толық окклюзиясы диагнозымен Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) нейрохирургия бөлімшесіне түсті.
Ұйқы артериясының толық бітелуі (окклюзиясы) кезінде миды қанмен қамтамасыз ететін ең маңызды тамыр жабылады. Бұның себебі – тамырдың ішкі қабырғаларында атеросклеротикалық түйіншектердің жиналуы. Түйіншек артерияны тарылтады және қан ағымын азайтады. Бұл патология ишемиялық инсультке әкеледі: атеросклеротикалық түйіншектерде қан ұйығыштары (тромб) пайда болып, қан ағымына кедергі келтіреді, олардың бөліктері тамыр қабырғасынан бөлініп, қан ағымымен ми артерияларына енеді, нәтижесінде ми тамырларының эмболиясы мен ми қан айналымының бұзылуы орын алады.
ҚЖШККА нейрохирургтері науқасты емдеу үшін қосымша қан беруді орнату тактикасын таңдады.
Ота жасау бригадасы – Е.Жуков, М.Аргумбаев, анестезиолог Р.Касенов, оталық медбике А.Исанова 2 сағат 20 минутқа созылған экстраинтракраниальды микроанастомоз отасын жасады.
Мұндай ота кезінде үстіңгі самай артериясы ортаңғы ми артериясының тармақтарына тігіледі. Ал қанмен қамтамасыз ету тамырлар арқылы өтеді, бұл мидың қанмен қамтамасыз етілуін айтарлықтай жақсартады және қайталанатын ишемия мен инсульт қаупін азайтады.
Интракраниальды анастомозды қолдану қалыпты қан ағымын қалпына келтіру үшін тамырларды анастомоз арқылы қосу болып табылады. Бұл емдеу әдісі ишемиялық инсульттан кейін зақымдалған аймақты қанмен қамтамасыз етуді қалпына келтіру үшін қолданылады. Ықшам кіру арқылы қажетті артериялар анықталады, содан кейін оталық микроскоптың көмегімен осы артериялар арасында анастомоз (тігіс) жасалады.
Мұндай араласудың негізгі мақсаты – қалыпты қан ағынын қалпына келтіру.