Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты жиын өтті.

Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты жиын өтті.
Тәуелсіздіктің 31 жылдығына орай өткізілген іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранының орындалуымен ашылып, тәуелсіздік жолында шейіт болған азаматтарға бүгінгі ұрпақ тарапынан тағзым ретінде бір минут үнсіздікпен жалғасты.
«Біздің халқымыз бостандыққа жету үшін қиындықтарға тап болды, ата-бабаларымыз армандаған бостандық үшін жанқиярлықпен күресті. Осыған байланысты, ұлт санасын дүр сілкіндірген және қоғамды алға жетелеген Желтоқсан оқиғасының ерекше маңызы бар екенін атап өткен жөн. Қасиетті Тәуелсіздік пен қайғылы желтоқсан – бір-бірімен тығыз байланысты ұғым. Біз 1986 жылдың қатал күндерінен тура бес жыл өткен соң бостандыққа қол жеткіздік», – деп Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіріп, ҚЖШККА қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров «Құйын-86» деген атпен белгілі болған «Желтоқсан оқиғасы» туралы баяндама жасады.
Өткен жылы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толды. Бұл оқиғаға қатысқандар 1990 жылдардың бас кезінен ақтала бастады. Осынау баскөтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалды. Қазір Желтоқсан оқиғасы Совет Одағын құлатқан алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.
Баяндамадан кейін Желтоқсан оқиғасы бойынша түсірілген бейнероликтен үзінді көрсетілді.
Жиынның арнайы қонақтары 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары – Муратова Тулебике Нурмаханқызы, Ахметкереева Роза Жумагереевна және аурухананың инженері Қаирбаев Ерғали Кажуұлы болды.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашев Желтоқсан оқиғасына қатысушы ауруханының қызметкері, инженер маман Қаирбаев Ерғали Кажуұлына Алғыс хат табыстап, Желтоқсаншыларға ел игілігі, қазақ халқы үшін жасаған еңбектері үшін шын жүректен алғыс білдірді.
1986 жылғы оқиғаны қайта ой елегінен өткізіп, тарихқа шынайы бағасын бере отырып, қазіргі Тәуелсіздігімізді қадірлеп, оны келер ұрпаққа аманат қылуды ұлағат етті. Өз бастарынан өткен қиыншылықтарымен бөлісіп, көз жасын тыя алмады. Бұл жиылған қауымның жүрегін шымырлатып, көзіне жас келтірді. Көз жасына ерік берген аурухана қызметкерлері, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға өз ризашылықтарын білдіріп, тілектерін жеткізді.
Сыйлы қонақтар аурухана қызметкерлеріне Алматы қаласы Алатау ауданы және Алмалы Ауданы әкімдерінің алғыс хаттарын табыстады.
Алатау әкімі атынан аурухананың 10 қызметкері марапатталса, Алмалы ауданы әкімінің алғыс хатымен 4 қызметкер марапатталды.
Бұдан бөлек аурухана бас дәрігері атынан тағы 10 қызметкер марапатталды.