Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Халықаралық медбикелер күніне орай салтанатты жиын өтті.

Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Халықаралық медбикелер күніне орай салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашев медицина саласындағы медбикелердің орны ерекше екенін атап, науқастың сауығып кетуінің 70%-ы медбикелердің арқасында екенін баса айтты. «Медбике, мейіргерсіз бірде-бір анализ-талдамалар, хирургиялық оталар, дәрігер тағайындаған емдеу амалдары жүзеге аспайтын еді. Сіздерге өз істеріңізге деген адалдығыңыз, пациенттерге деген мейірімділігіңіз үшін алғыс білдіремін. Мықты болыңыз, үлкен маман болып, жұрттың алғысына бөленіңіздер», – деп тілегін білдірді.
ҚЖШККА-да аурухананың тірегін құрайтын 352 орта медициналық персонал жұмыс істейді. Бас дәрігер аурухана ұжымының негізін құрайтын орта медперсоналға жетекшілік етіп жатқан аурухананың бас медбикесі Алуа Қошамбекованың денсаулық сақтау ісіндегі адал еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті, жас мамандарды даярлаудағы тәлімгерлік тәжірибесі мен жоғары кәсібилігі үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Сондай-ақ медицина саласындағы еңбегін үлкен ықыласпен атқарғаны, денсаулық сақтау мен аурухана дамуына қосқан қомақты үлесі үшін 12 медбике мен 3 мейіргер аурухана бас дәрігері атынан құрмет қағазымен марапатталды.
Мерекеге орай Алмалы ауданының қоғамдық және әлеуметтік-саяси өміріне белсенді қатысып, денсаулық сақтау саласына сіңірген зор еңбегі үшін хирургия бөлімшесінің медбикесі Гүлшат Мешітбаева мен қабылдау бөлімшесінің мейіргері Ринат Қанат Алмалы ауданы әкімі Е.Сейтеновтың атынан алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы ұйымдастырған мини-футболдан бірінші орын алған біздің команда марапатына ие болды. Жеңімпаздар кубогі ҚЖШККА еншісінде!
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекеге орай әр бөлімшеден бір медбике мен бір мейіргерден шығып, жұп-жұп болып ән айту, би билеу, көрініс қоюдан байқауға түсті.
9 бөлімше арасында өткен байқауда аурухана медбикелері мен мейіргерлерінің сегіз қырлы, бір сырлы, он саусағынан өнер тамған майталман мамандар екенін тағы бір дәлелдеп шықты.
Қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Бәрі жеңіске лайық болғасын, аталмай қалған жұп болмады.
Бас жүлде – гран-при – қабылдау бөлімінің еншісіне,
I орын – ота жасау бөліміне
II орын – күндізгі стационар
III орын – травматология бөлімшесінің еншісіне бұйырды.
Жеңімпаздар арнайы мерекеге орай дайындалған кубоктармен марапатталды.
Қосымша номинациялар бойынша:
Жеңіске деген талпынысы үшін – хирургия және гинекология бөлімшелері;
Өнерлі жұп – анестезиология, реанимация және қарқынды емдеу бөлімшесі мен саулели диагностика бөлімі;
Көрермендер көзайымы- нейроинсульт орталығы марапатталды.
Медбике, мейіргер, жалпы аурухананың бүкіл ұжымы мерекелік көңіл-күйге бөленіп, аурухананың орта медперсоналына гүлді айтпағанда, медбикелердің символы «ақ жүрек» белгіленген тәтті торт, грамота, алғыс қағаз, кубок тарту етілді.
Мереке құтты болсын, әріптестер!