Алматыда нейрохирургтер қоғамының ғылыми-практикалық отырысы өтті
Мамырдың 6-сында Алматыда қалалық нейрохирургтер қоғамының жиыны өтті. Әдетте мұндай кездесулер әр тоқсан сайын өткізіледі, дегенмен соңғы жиын 2021 жылдың күзінде өткен.
Конференцияның бастамашысы Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (ҚЖШККА) болды.
Отырысты ҚЖШККА бас дәрігері Джувашев А.Б. алғы сөзбен ашты. Содан кейін президиум мүшелері Алматы қаласының штаттан тыс бас нейрохирургі Дюсембеков Е.Қ. және қалалық нейрохирургтер қоғамының төрағасы Рабандияров М.Р. өз ойларымен бөлісті.
Конференция барысында қатар жүретін жарақаттардағы ісіну-ауырсыну синдромын емдеудің заманауи мүмкіндіктері, қаланың инсульт орталықтарында нейрохирургиялық көмекті ұйымдастыру, нейрожарақаттағы КТ семиотикасының ерекшеліктері сөз етіліп, дәрігерлер өз тәжірибесіндегі түрлі жағдайларды талқыға салды.
Баяндамашылардың ішінде Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нейрохирургия кафедрасының доценті, м.ғ.д Халимов А.Р.; ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ли К.Ю.; нейрохирургия кафедрасының ассистенті Жуков Е.С.; ҚЖШККА КТ/МРТ дәрігері Исаматов Б.Қ.; №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының нейрохирургі Жайылғанов А.А. болды.
Дәрігерлердің, әсіресе нейрохирургтердің басын бірге қосып жинау оңай шаруа емес. Бірақ осындай кездесуді көптен күткен және әріптестерімен талқылағысы келетін мәселелері жиналып қалған мамандар, қаладағы түрлі ауруханалардың неврологтары мен диагностиктері қуана бас қосты.
Іс-шараның арнайы қонақтары Санкт-Петербург қаласындағы Алмазов атындағы балалар нейрохирургиясы кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д Ким Александр Вонгиевич және оның әріптестері болды.
Шара соңында жиынға қатысушылар ұйымдастырушыларға берілген мүмкіндік үшін алғыстарын білдіріп, отырысты жоғары бағалады.
Анықтама үшін
ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің тарихы 1935 жылдан бастау алады. Бөлімшеде қазір 25 төсек-орын бар. Жылына орта есеппен 500-ге жуық шұғыл науқасқа қызмет көрсетіледі. Бөлімшеде ангиограф, CEREBRA жасанды интеллект бағдарламалық құралы, эндоскопиялық аппаратура, ми оталарына арналған құралдар, заманауи көп функционалды оталық үстел бар.