ҚЖШККА травматологтары науқасты мүгедектіктен аман алып қалды

ҚЖШККА травматологтары науқасты мүгедектіктен аман алып қалды
Шеміршектегі кез келген өзгеріс қауіпті. Ол адамның қозғалысын шектейтін аурулардың себебі болып, оның өмірін айтарлықтай қиындатады. Иық буыны – адам ағзасындағы ең қозғалмалы буын. Оның арқасында біз күн сайын мыңдаған қимыл жасаймыз. Бірақ шеміршек пен сүйек тінінің дистрофиялық өзгерістерінен туындаған бұзылуларға байланысты иық буынының артрозы дамиды.
Иық буынының артрозы немесе омартроз – шеміршек тінінің жоғалуымен, дисфункциямен және ауырсынумен сипатталатын ауру. Омартроздың дамуы түрлі жарақат, зақымдану, сыну немесе ревматоидты артрит сияқты жүйелі аурулардан туындауы мүмкін.
Иық буынының артрозы қатты ауырсынуды тудырады және өмір сапасын төмендетеді. Дұрыс емделмеген жағдайда мүгедектікке әкеледі.
Осылайша, иық буынының жарақаттан кейінгі артрозы және ауырсыну синдромымен ҚЖШККА-ға түскен 59 жасар науқасқа МӘМС аясында иық буынын эндопротездеу отасы жасалды.
• Иық буынын эндопротездеудің арқасында иықтың негізгі функцияларын және үлкен қозғалыс ауқымын қалпына келтіруге болады. Мұндай ота иықтың тұрақсыздануы байқалған кезде, қолдың кез келген қозғалысы ауырсынуды тудырған кезде және ауырсынудың себебін операциялық емес әдістермен емдеу мүмкін болмаған жағдайда жасалады.
Науқас 2012 жылы жарақат алып, оған оң иығының жоғарғы үштен бір бөлігінің сынуына байланысты ота жасалған. Ұзақ уақыт реабилитациялық ем алған. Сонда да иық буынының артрозы дамыған.
Иық буынын эндопротездеу отасын №1 травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Медет Жанысовтың бастауымен аға ординаторлар Р.Юсупов пен Б.Монтаев анестезиолог: Г.Камалова жүзеге асырды. Ота 1,5 сағатқа созылды.
Отадан кейін науқастың жағдайы жақсарды, науқас белсенді, қолын қозғалтады, өзін жақсы сезінеді. Қазіргі уақытта бөлімшеде алғашқы оңалту емін алып жатыр.
Қатты ауырсыну сезімі мен мүгедектіктен аман алып қалған дәрігерлерге науқас шын жүректен алғысын жаудырды.
– Эндопротездеу қолдың қозғалғыштығын қалпына келтіруге септігін тигізеді. Мұндай ота тек иық буынының ауыр жарақаттары кезінде ғана емес, сүйек және шеміршек тіндерінің өзгерістері кезінде де жасалады, – дейді Медет Жанысов.