26 қазан – Халықаралық колопроктолог күні.
Кәсіби мерекеге орай колопроктологқа қай кезде көріну керек екенін маман әңгімелейді.
Денсаулыққа, әсіресе денеміздің “нәзік” аймағына қатысты мәселені көпшілігіміз талқылаудан ұялып, өзімізді ыңғайсыз сезінеміз. Дегенмен, колопроктология тоқ ішек, тік ішек және оның айналасындағы тіндердің ауруын диагностикалауға және емдеуге маманданған медицина саласы екенін түсіну маңызды. Колопроктологқа уақытында көріну түрлі ауруды дер кезінде анықтап, емдеуге көмектеседі.
Медицина ғылымдарының магистрі, жоғары санатты дәрігер, PhD докторы, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының Колопроктология және интервенциялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нуспекова Динара Тулендиевна біздің сұрақтарға жауап берді.
– Колопроктологқа қай кезде көріну керек?
– Егер сізді келесі белгілер мазаласа бірден колопроктологқа көрінген дұрыс:
1. Қан кету.
Дәретхана қағазында, іш киімде немесе нәжісте қан, шырыш, ірің іздерінің пайда болуы колопроктологқа дереу көріне керек екенін көрсететін қауіпті симптом.
2. Ауырсыну және ыңғайсыздық.
Егер сіз тік ішек аймағында ауырсынуды, ыңғайсыздықты, қышынуды немесе жануды сезінсеңіз, бұл көтеу, айналшық сызаты, ішек қабыну, тіпті ішек ісігі сияқты ауруды көрсетуі мүмкін. Жағымсыз сезім тұрақты болуы немесе, мәселен, жаяу жүру, ұзақ отыру немесе нәжіс шығарудан кейін пайда болуы мүмкін.
3. Нәжістің өзгеруі.
Нәжістің жиілігі мен консистенциясының өзгеруі тоқ ішек не тік ішектің проблемасын көрсетуі мүмкін. Іш өту, іш қату, нәжісті ұстамау, газдар, нәжіс шығаруға жалған шақырудың орын алуы, нәжістің әдеттен тыс пішіні сияқты белгілер колопроктологиялық ауруды көрсетеді.
4. Түйіннің түсуі.
Тік ішектен түйіннің түсуі, түзілімнің орын алуы немесе анал тесігінің ісінуі көтеудің болуын көрсететін маңызды белгілердің бірі.
5. Айналшық аймағында қызару, ісіну, инфильтрация, жараның пайда болуы сияқты кез келген өзгерістің пайда болуы.
Бұл ешқандай ауырсынуды тудырмағанның өзінде, оның өздігінен кетуін күтуге болмайды. Кез келген папиллома, кондилома, жарық, шашақ аурудың болуын көрсетеді.
6. Айналшық аймағының жарақаты.
Кез келген жаралау, соғып алу, тік ішек және оның тіндерінің басқа зақымдануы, тік ішекте табиғи жолмен шыға алмайтын бөгде заттың болуы колопроктологқа көрінуді талап етеді.
7. Отбасылық анамнез.
Егер сіздің отбасыңызда тоқ ішек, тік ішек аурулары, мәселен, қатерлі ісік, ішектің қабыну аурулары (ойық жаралы колит, Крон ауруы) болса, бұл туралы колопроктологқа айту керек. Тұқым қуалаушылық кейбір аурудың дамуында маңызды рөл атқаруы мүмкін.
– Егер сіз аталған белгілердің кем дегенде біреуін өзіңізде анықтасаңыз, колопроктологқа баруды кейінге қалдырмаңыз. Дәрігерге уақтылы көрініп тұру арқылы сіз өзіңізді түрлі асқынудан және ауру салдарынан құтқарасыз.
– Колопроктологқа қаншалықты жиі көріну керек?
– Колопроктологқа жылына бір рет профилактикалық мақсатта көрінген дұрыс. 50 жастан асқан науқастар, сондай-ақ ата-анасы тоқ ішек не тік ішек қатерлі ісігімен ауыратын науқастар үшін жылына екі рет колопроктологқа көріну және кемінде 5 жылда бір рет колоноскопиядан өту қажет.
Колопроктолог кеңесі:
1. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз.
Тұрақты физикалық белсенділік, жасұныққа бай дұрыс тамақтану, дене салмағын бақылау және нәжіс шығару кезінде шамадан тыс жүктемені болдырмау керек.
2. Тұрақты медициналық тексеру.
Ешқандай белгі болмаса да, колопроктологтан үнемі медициналық тексеруден өту ұсынылады. Ауруды ерте анықтау емдеу тиімділігін айтарлықтай жақсартады.
3. Дәрігерге баруды кейінге қалдырмау.
Егер сіз жоғарыда айтылған белгілердің кез келгенін байқасаңыз немесе тік ішектің денсаулығына қатысты алаңдасаңыз, колопроктологқа көрініңіз. Өз-өзіне диагноз қою және өз-өзін емдеу қауіпті де тиімсіз.
Маманның кәсіби пікірі мен ұсынысы емдеуде және ауыр асқынудың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын есте ұстаңыз.