Бүгін Алматыда «Ми құпиялары. Көпсалалық форум» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара «Жүрек және ми» Азия қоғамы мен Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бірлесуімен, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Конференцияның ашылу рәсімінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов өз сөзінде:
«Бүгінде медицина кешенді тәсілді талап етеді. Бір диагноздың артында бірнеше ауру болуы мүмкін, сондықтан ми ауруларын емдеуде пәнаралық ықпалдастық аса маңызды», – деп атап өтті.
ҚЖШККА директоры Алмаз Джувашев та конференцияның практикалық маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл – тек ғылыми алаң ғана емес, күнделікті клиникалық тәжірибемен тығыз байланысты маңызды кездесу. Жедел жағдайларда мамандардың үйлесімді жұмысы мен нақты шешімдер қабылдауы шешуші рөл атқарады».
Конференция жыл сайын дамып, кәсіби қауымдастықты біріктіретін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді. Биыл форумға шамамен 300-ге жуық маман қатысты.
Конференцияның бастамашысы – медицина ғылымдарының кандидаты, невролог Айгүл Құдайбергенова. Оның айтуынша, жоба пандемия кезеңінде онлайн форматта басталып, бүгінде тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды: «Бұл тек білім беру алаңы ғана емес, кәсіби қарым-қатынас пен тәжірибе алмасудың кеңістігі. Мультидисциплинарлық тәсілді дамыту медициналық көмектің сапасын арттыруға тікелей әсер етеді».
Конференцияға шетелдік сарапшылар қатысты:
– Елена Гиоргадзе – медицина ғылымдарының докторы, Тбилиси мемлекеттік университетінің профессоры, Ұлттық эндокринология институтының ғылыми жетекшісі, Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы;
– Олег Чернышев – MD, PhD, FAAN, FAASM, FAHA, Луизиана мемлекеттік университеті медицина орталығының профессоры, сомнология бөлімінің жетекшісі (АҚШ);
– Рауан Қайыржанов – PhD, невролог, University College London неврология институтының клиницист-зерттеушісі (Ұлыбритания);
– Евгений Сидоров – медицина ғылымдарының кандидаты, Оклахома университетінің профессоры, инсульт орталығының жетекшісі (АҚШ);
– Раман Сингх – Henry Ford Hospital (АҚШ) тамырлық неврология бөлімінің дәрігері.
Олар өз баяндамаларында эндокриндік бұзылыстардың әсері, ұйқының рөлі, неврологиядағы заманауи зерттеулер, инсульттік көмекті ұйымдастыру және қайталама алдын алу мәселелерін қамтыды.
Ғылыми бағдарлама аясында деменция, инсульт, метаболикалық бұзылыстар, сондай-ақ медицинадағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері қарастырылды.
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының мамандары да баяндама жасады:
– Ләззат Аяғанова – жоғары санатты невролог, инсульт бөлімшесінің меңгерушісі, созылмалы сана бұзылыстары мәселесіне тоқталды;
– Дмитрий Гебель – 2 санатты радиолог дәрігер, моямоя ауруы бойынша клиникалық жағдайды ұсынды;
– Фарида Рустамова – кардиолог, Айгүл Құдайбергеновамен бірлесіп инсульттан кейінгі пациентті пәнаралық жүргізу мәселелерін талқылады.
Конференция тәжірибе алмасуға, кәсіби диалогты дамытуға және денсаулық сақтау саласына заманауи шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.









