50 жасар науқас кеуде омыртқасындағы ауру сезіміне шағымданған. Өзінің айтуынша, 2023 жылдың сәуірінен бастап ауырады. Бірнеше рет консервативті ем алған, сонда да уақыт өте ауырсыну күшейе бастап, тұрақты боло бастаған. Демек, консервативті емдеу тиімді болмады. Кеуде омыртқасына МРТ жасатып, онда түзілім анықталды. Оған сол жақта “құм сағат” тәрізді 10-кеуде түбіршігінің интрадуральды, экстрадуральды, экстраканалды өсетін шванномасы диагнозы қойылды.
Невринома (шваннома) денедегі кез келген жүйкеге жабысатын баяу өсетін қатерсіз ісік. Ісік ең алдымен бас, мойын, омыртқа (жұлын) нервтеріне, сондай-ақ қол-аяққа әсер етеді.
Омыртқалық невринома көбіне омыртқаның жоғарғы және ортаңғы бөлімінде (мойын және кеуде) пайда болады.
Ол кез келген жаста, бірақ көбіне 40 пен 60 жас аралығында кездеседі. Шамамен 45% жағдайда ол кеуде омыртқасында болады.
Невринома ауру сезімін тудырмайды, бірақ өскен сайын ауырсыну, басқа да шағымды тудырады. Ісік әлі кішкентай болса, әдетте ыңғайсыздық болмайды. Невринома үлкейген сайын сезімдік нервтің жүйке тамырларын қысып, жақын маңдағы нервтерді ығыстыра бастайды. Ауырсыну немесе сезімдік бұзылулар невриноманың кеңейген жеріне байланысты орын алады. Мәселен, невринома бел омыртқасында болса, арқаға әсер етіп, аяқта ауырсынуды тудырады. Ал мойын невриномасы, қолдың ауырсынуына себеп болады. Кеуде омыртқадағы невринома кеуде қуысының ауырсынуына әкеледі. Жұлындағы невринома параличке әкелуі мүмкін.
Науқас ауруханаға жатқызу бюросы порталы арқылы жоспарлы түрде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды.
Оған МӘМС аясында ісікті алып тастау микрохирургиялық отасы жасалды.
Отаны нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі К.Ли мен емдеуші дәрігер Д.Жалтаев жасады.
Науқас үйге шығуға дайындалып жатыр және ҚЖШККА медицина қызметкерлеріне шын жүректен алғысын білдіреді.
ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Ли: “«Қатерсіз» ұғымын «жақсы» ұғымымен шатастырмаңыз”,- деп баса айтады.
Қатерсіз ісік болса да, ауыр зардапты азайту және оның алдын алу үшін мүмкіндігінше тезірек тексеру жүргізілуі қажет.
Омыртқадағы барлық ауырсыну ісіктің болуын білдірмейді, ал ісік неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Маманның айтуынша, омыртқаның невриномасын толығымен алып тастау керек.
Невринома кездейсоқ анықталса әрі кішкентай болғандықтан әлі де ыңғайсыздық тудырмаса, оны МРТ арқылы үнемі бақылап отыру керек. Ота жасау керек болса, ол микрохирургиялық жолмен жасалады. Невриноманы толық алып тастау мүмкін болмаса, отаны қайталаа жасау керек болады.
Пациенттердің көбі емделгеннен кейін сауығып, жұмысқа қайта оралады. Невринома толық жойылғаннан кейін қайта дамымайды. Отадан кейін науқас өзін қажетсіз стреске ұшыратпағаны жөн. Алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу маңызды және әдеттен тыс белгілер пайда болса, дереу дәрігерге көріну керек.