#ҚЖШККАотажасаубөлімі айдарында Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нұркен Желдібаев ең жиі жасалатын хирургиялық оталардың бірі – лапароскопиялық холецистектомия туралы сөз етеді.
– Аталған хирургиялық араласу түрі, яғни өт қабын алып тастау – өте кең таралған операция. Бізде жасалатын операциялардың басым бөлігі – орта есеппен күніне 2-3 операция осы отаға келеді. Кейде бұл көрсеткіш 4-5 отаға дейін жетеді. Жасалған отадан кейін науқас өт жолдары ауруының одан әрі дамуына жол бермеу үшін дұрыс тамақтануға зор мән беру керек. Көбінесе өт қабының алынуына әкелетін аурулар ретсіз және дұрыс тамақтанбаудың салдары болып табылады. Өт қабын алып тастаудан кейін ұзақ мерзімді постхолецистэктомия синдромы (ПХЭС) орын алуы мүмкін, – дейді Нұркен Желдібаев.
– Мәселен, мен жаңа ғана 69 жасар науқасқа жасалған отадан шықтым. Оған бұған дейін 2007 жылы лапароскопиялық холецистектомия отасы жасалған, былтыр желтоқсанда өт жолында тағы тас бар екені анықталған. Науқаста қоса жүрген аурулардың ішінде қант диабеті мен артериялық гипертензия болғасын науқас енді бір операциядан қорқып шыдап жүре берген. Қатты ауыру сезімі пайда болып, жанына қатты батқан соң ғана біздің ауруханаға жедел түрде келіп түскен. Яғни науқаста өтін алып тастағаннан кейін жалпы өт жолында қайтадан тас пайда болған. Сол тасты алып шықтық. Тас 15-16 жылдан кейін қайта пайда болды.
ПХЭС-тың ең көп тараған себебі – өт жолдарындағы тастар (холедохолитиаз). Бұл жерде өт жолындағы тастардың холецистэктомиядан кейін қайта пайда болу мүмкіндігін атап өткен жөн. Бұл бірнеше ай, бірнеше жылдан кейін де орын алуы әбден мүмкін. Операциядан кейін жаңа тастар, яғни «рецидивті» холедохолитиаз зат алмасудың бұзылуы, өттің іркілуі немесе инфекцияның орын алуы себебінен өт өзегінде пайда болуы мүмкін.
Отаны жасаған Н.Желдібаев, ассистент – Д.Абдуалиев, анестезиолог – Б.Бажинова, оталық медбике – У.Рысбай.
Ота 1,5 сағатқа созылды.
Науқастың өт жолынан 2,5х1,0 см тас алынды.
– Бұл отаның әдеттегі уақыттан ұзақ болуы – пациент жағдайының ауыр болуында. 2-тип қант диабеті бар науқас дәрісін уақтылы әрі тұрақты ішпеген, қан қысымы бойынша жазылған дәрілерді де дұрыс ішпеген, оның үстіне ота барысында науқаста бауыр циррозы анықталған. Бұл ота барысында барынша мұқият болуға, әсіресе анестезиолог маман үшін қосымша жүктеме болды.
Науқастың қанындағы қант деңгейі мен қысымы жоғары болды. Сондықтан олар ретке келтіріліп, төмен түсірілгеннен кейін ғана, науқастың «өмірлік көрсеткіштеріне» зор мән берілетін ота жасалды. Мұнда бүкіл оталық топтың үйлесімді жұмысын, соның ішінде анестезиолог маманның рөлін ерекше атап өту керек.
– Жалпы өтті алып тастау операциясынан кейін өзіңізді күтіп, дұрыс тамақтанып, дәрігерге тұрақты түрде қаралып отырған жөн, – деп түйіндейді Нұркен Желдібаев.